18.04.2018, 17:23
Қараулар: 188
«Өнермен өрілген өмір»

«Өнермен өрілген өмір»

Мәстексай ауылы – өнерімен есімі дүйім елге танылған, дарабоз дарындар мен табиғи таланттар дүниеге келген өлке.  Кең пейілді, қонақжай ауыл халқының өнер адамдарына деген құрметі де ерекше. Біз көрген керемет кеш те соның бір дәлелі.

6 сәуір күні Мәстексай ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдени демалыс орталығының ұсынысымен, Мәстексай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Өнермен өрілген өмір» атты сыр-сұхбат кеші өтті. Танымал сазгер, сырнайшы, ҚР мәдениет саласының үздігі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі  Ерлан Нұрғазыұлы және жоғары санатты мәдениет қызметкері, әнші Меңдіғали Сұпашев кештің құрметті қонағы болды. Кеш барысында өнер иелерінің өнермен өрілген өмір жолдарынан арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Шарада кеш қонақтары балдәурен балалық шақтары жайлы есте қалған естеліктерімен бөлісіп, өнерге келу жолдары жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ өнердің қиындығы мен қызығын тілге тиек етіп, отбасы, туған ауыл, оқыған орта мектептерін де әңгімеге арқау етті. Арасында ән шырқап, күмбірлі күй шертті.  Мұнан кейін өнер иелерінің үзеңгілес досы, мәдениет қайраткері И.Әлекешов, сыныптастары Оқиса Хисиянова, Дина Ешкаева, Зәуреш Сұлташева сахнаға көтеріліп, тарих қойнауына самғап кеткен өткен күндерін еске алды. Ұйымдастырушыларға ақжарма алғыс білдіре отырып, кеш қонақтарының оқушы кездегі мінез-құлықтарын, қызықты сәттерінен сыр шертіп, көрермендердің көңіліне риясыз күлкі үйірді.

«Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы аясында оздырылған шарада М.Сұпашев Ө.Ақбасовтың сөзіне жазылған Е.Сатыбаевтың «Жаңақала вальсі» әнін орындады.

Кеш соңы бір бірімен сағыныса қауышқан сынып-тастардың бірлесе орында-ған «Армандастар» әнімен аяқталып, Мәстексай ауылы өнерпаздарының туған еліне арнаған концерттік бағдарламасына ұласты. Олар ауылға деген сағыныштарын ән құдіреті арқылы паш етті. Жүректен шыққан әндер жүректерге жетіп жатты.

Қысқасы, мәстексайлық-тардың жерлес өнерпаздарына деген зор құрметтерін көріп сүйсіндік, риза болдық.

Шара соңында Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Төлегенқызы өнерпаздарға үлкен алғысын білдіріп, олар-мен мақтанатынын, марқая-тынын жеткізді. Сонымен қатар, туған ауылының төріне келген Ерлан мен Меңдіғали сынды арда азаматтарға алғысхат пен сый-сияпат табыстады.

Ауыл халқы өз жерлестерінің мерейін тасытқан кештен үлкен әсер алып, қимастық сезіммен тарады.

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.