2.05.2018, 17:37
Қараулар: 90
«Қазақстан – халықтар достығының мекені»

«Қазақстан – халықтар достығының мекені»

1 мамыр — адалдықтың есімін, бейбітшілік бесігін тербеткен мамыражай мереке, Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақ елі төрткүл дүниеге ұлт пен ұлыстарды сүттей ұйытып, баршаға үлгі болып отырғаны аян. Соның айғағы, осы дәстүрлі мерекені тойлау мақсатында аудан орталығында «Қазақстан – халықтар достығының мекені» атты салтанатты шара өткізілді.

Мерекелік кеш «Жеңістің 30 жылдығы» көшесінен бір шаңырақ астындағы түрлі этнос ұлт өкілдерінің шеруімен басталған болатын. Шеру аудан әкімі аппараты ғимаратында орналасқан мемлекеттік мекемелер, Жаңақала колледжі МКҚК, ауданымыздағы мектеп-балабақша ұжымдары, Жаңақала ауылдық округ әкімдігі қызметкерлері бастаған рухани орталықта орналасқан мекемелер, медицина саласының қызметкерлері, желілік өндірістік басқарма ұжымы, ауданымыздағы халыққа қызмет көрсететін басқа да мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар, биыл аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Домбыра – дастан» жобасы қолға алынғанын айта кету керек. Ауданымыздың балғын домбырашыларының ойнауында Кұрманғазының «Балбырауын» күйімен мерекелік шеру қорытындыланды.

Бірлік күніне ұйымдастырылған шара халықтық мереке түрінде өткенін зор мақтанышпен айта аламыз. Себебі, шеруге кейбір мекемелерден 350-ге жуық адамдар қатысып, мерекелік шараны тамашалауға алаңға келген 4000-ға жуық көрермен соның дәлелі.

Салтанатты шара аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлының аудан тұрғындарын құттықтау тілегімен жалғасты.

Сонан соң, ауданымыздың тұрғындары «Достық» алаңында жалпыхалықтық мейрамда бір шаңырақ астында орналасқан мекеме ұжымдарының дайындаған әр ұлттың ән-би концерттік бағдарламасын тамашалап, ұлттық тағамдары ұсынылған ақ дастарханынан дәм татты. Жалпы 12 ұлт өкілдеріне арналған үстелдерді: аудан әкімдігі ғимаратында орналасқан мекемелер – қазақ жұртының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі — өзбек ұлтының, «Бөбек» балабақшасы – түрікмен халқының, «Балбөбек» балабақшасы – татарстан елінің, Жаңақала колледж ұжымы – орыс ұлтының, №3 ЖББОМ ұжымы  — украин халқының, «Жауқазын» балабақшасы – ұйғырлардың, №2 ЖББОМ ұжымы – беларусь елінің, Жаңақала мектеп гимназиясы – армян этносының, рухани орталықта орналасқан мекемелер – молдаван халқының, педагогикалық психологиялық, мектептен тыс жұмыс орталығы, жас туристер станциясы – башқұрт ұлтының ұлттық тағамдарыны әзірлеп, ас мәзірімен таныстырды. Аудан әкімі Н.Қарағойшин және еңбек ардагерлері ұлттық тағам әзірлеуде ұйымшылдық танытқан ұжымдарға ризашылдық білдірді.

Айта кету керек, ауданымызда қазақ ұлты, орыс, неміс, татар, ұйғыр ұлтының өкілдерімен қоса 78 адам басқа этнос адамдары мекен етеді.

Осындай айтулы күні мерекелік шараның жоғарғы деңгейде өтуі, халықтың ала таңнан бастап зор ықыласпен тойлауға ат салысуы бірлігіміздің айғағы.