14.05.2018, 16:33
Қараулар: 90
Ардагерлерді ардақтаған мереке

Ардагерлерді ардақтаған мереке

7 мамыр    күні  аудандық    мәдени демалыс    орталығында   Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиын әскери адамдардың салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Туын кіргізуімен басталды. Одан әрі еліміздің Әнұранын аудан жұртшылығы бірге шырқады. Содан соң жиынды ашу үшін сөз алған аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин  барша қазақстандықтарды,  соғыс ардагерлері мен еліміздің ер азаматтарын атаулы мейрамдарымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жиында соғыс ардагері Арыстанғали Қойысовқа облыс әкімі А.Көлгіновтің, аудан әкімі Н.Қадырбайұлының құттықтаухаты мен ақшалай сыйақылар табыс етілді. Сонымен қатар, ері майданнан оралмаған соғыс ардагерлерінің жесірлері, тылда ерен еңбегі үшін марапатталған ардагерлер және  ҰОС ардагеріне теңестірілгендер, чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандар, бейбітшілік уақытта қайтыс болған жауынгерлердің жанұяларын марапаттау рәсімі оздырылды. Оларға алғысхаттар мен қаржылай сый-сияпаттар үлестірілді.

Марапаттар салтанатты түрде табыс етілгеннен кейін, ҚР-ның туы сахнадан шығарылып, жиынның екінші бөлімі, яғни «Отан деп соққан жүрегі» атты концерттік бағдарлама басталды. Концерт басында «Елім менің» әнін Ж.Мұсағалиев орындаса, «Алға қазақ жігіттері» әнін Б.Таулин шырқады. Бұдан кейін МТЖО жанынан құрылған «Отан» әскери патриоттық клубының оқушылары  әскери қоян-қолтық ұрыс өнерін көрсетті. Артынша №3 қазақ орта мектебінің оқушысы Б.Мырзағалиев шырқаған «Батырлар ұраны» әнін көрермендер жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.

Өнерсүйер қауым мен сонау соғыстың салқын лебін сезінген ардагерлерді аудандық мәдени демалыс орталығы мен ауыл жастарының дайындаған сахналық көрінісі ерекше толқытты.

Қойылым басында бейбітшіліктің бал дәмін татып, алаңсыз жүрген жастардың биін соғыстың басталғаны туралы суық хабар бұзады. Зар жылаған аналар, шулаған балалар, ерінің мойнына асылған жарларының азаматтарын соғысқа шығарып салып жатқан көрінісі көрермендерді терең ойға шомылтып,  еріксіз көздеріне жас алдырды. Жалпы, бұл спектакльде жігітіне хат жазған қыздар, дала поштасын күткен сарбаздар және соғыс даласындағы дала әртістерінің сарбаздарға арнап қойылған концерті өте жоғары деңгейде және шынайы қойылды. Сондай-ақ, әр көрініс арасында аудан өнерпаздары әскери әндер орындап, қыздар мың бұрала би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, Р.Рамазанова әртістік шеберлігімен көрермендерді бірден баураса, әнші М.Асанова, А.Сисенова, Қ.Айдарбеков, Ж.Шуйкина, А.Сейітовалардың шырқаған әндері көптің көңілінен шықты.

Жастардың бойына патриоттық сезім ұялатқан, үлкендердің өткен өмірлерін көз алдарына әкелген концертті М.Сұпашев жергілікті сазгер Е.Сатыбаевтың «Майдангерлер мәңгі сапта» әнімен қорытындылады. Шара соңында көпшілік ерекше өткен концерттен үлкен әсер алып, аудан өнерпаздарының өнерлеріне тәнті болып тарады.

Концерттен соң жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жастары  ардагерлерімізге арнап әскери шатырда дала асханасын әзірледі. Сұрапыл соғыс кезіндегі әскери асханаға ұқсатылып жайылған дастарқанда әскери ыдыстармен қара ботқа (гречка), қара нан, суға піскен картоп, тағы да басқа далалық тағамдар қойылды.  Ардагерлер мен аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкерлері, тағы да басқа сыйлы қонақтар қатысқан дала асханасында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі  Н.Қарағойшин дастарқан басындағы қонақтарға жылы лебізін айтып, аталмыш мерекемен құттықтады. Ал, ардагерлер ізгі тілек-баталарын айта отырып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Шатыр ішінде жастар ардагерлердің өнегелі әңгімелері мен естеліктерін тыңдап, әскери ән айтып, көңілді отырыс өткізді.