17.05.2018, 16:38
Қараулар: 108
Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылатын. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Асық ұлттық ойыны соңғы уақытта мемлекеттік қолдауға ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады. Елімізде асық атудан түрлі жарыстар, ел біріншіліктері оздырылды. Айта кетсек, соңғы уақытта жаңақалалық өрендер де асық ойынына бет бұрып, тұрақты шұғылдануда.

Осының бір дәлеліндей 12 мамыр күні №3 қазақ орта мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2001-2003, 2004-2006 жылы туған ұлдар арасында асық атудан аудандық жарыс өтті. Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың басты мақсаты — ұлттық спорт түрлерін жандандыру, асық ойынын кеңінен насихаттау.

Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Еслямғалиева, №3 қазақ орта мектебінің директоры Ә.Декартұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін жарыстың бас төрешісі Қолғанат Серіков ойын ережесімен таныстырды.

6 команда қатысқан ойын нәтижесінде жалпыкомандалық есепте оқушылар арасынан I орынды Жаңақала орта мектебінің 2006 жылы туған жас өрендері иеленсе, II орынды Сарыкөл ауылындағы Абай атындағы орта мектебінің өкілдері еншіледі. Ал, III орын №3 қазақ орта мектебінің командасына бұйырды.

Жарыс соңында жеңімпаз командаларға диплом мен медальдар табыс етілді.