25.05.2018, 9:49
Қараулар: 640
Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Мамыр айының 25 жұлдызы соңғы қоңырау. Жылдағы үрдіс бойынша осынау атаулы күні ауданымыздың барлық ауылдарында соңғы қоңырау үні сыңғырлап, мектеп түлектері жаңа да, жауапты өмірге қадам басады. Биылғы жылы аудан бойынша соңғы қоңырау шарасына 3781 оқушы қатысты. Оның ішінде 261 түлектің 8-і «Алтын белгіге», 7-еуі үздік аттестатқа үміткер. 

Соңғы қоңырау сыңғыры мен атаулы 10 жылдығы қатар тойланған аудан орталығындағы №3  жалпы орта білім беретін қазақ мектебінде соңғы қоңырау  мерекесі тартымды шарамен өз мәнінде тойланып өтті. Аяқталғалы отырған оқу жылы мектеп үшін  жемісті жыл болды. Мектеп биылғы оқу жылында 63,5 пайыз білім сапасын көрсетті. Соңғы қоңырау шарасына 641 оқушы қатынасты. Оның ішінде оқу озаты -187, оқу екпіндісі — 220. Жалпы мектепті 29 түлек бітірсе, оның ішінде ҰБТ-ға 24-і қатысады. Біреуі «Алтын белгіге» үміткер, ол — Асқарова Альбина.

Соңғы қоңырау салтанатына аудан әкімі Н.Қадырбайұлы, облыстық кәсіподақтар ор-талығының төрағасы Е.Ғұмарұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров, ардагер ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.

Жиынның ашылуында алғашқы сөз №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің директоры А.Досмұханбетовке берілді. Ол мектеп ұжы-мының оқу жылында жеткен жетістіктерін атап өтіп, оқушылар мен ұстаздарды соңғы қоңырау шарасымен құттықтады.

— Мектеп бітіруші түлектеріміз алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, ата-аналар мен ұстаздардың үмітін ақтайды деп сенемін,-деген тілегін жеткізді. Сонан соң түлектерге ақ жол тілеп, оқушыларды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтау үшін сөз кезегі қонақтарға, сынып жетекшілеріне, ата-аналарға ұсынылды.

Әрмен қарай дәстүрлі түрде 11-сынып түлегі 1-сынып оқушысына білім кілтін берсе, тағы бір түлек 10-сынып ізбасарына аманат тапсырды.

Шара түлектердің әдеби-сазды бағ-дарламасымен жалғасын тауып, қоңырау сыңғырымен қорытындыланды.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар