23.05.2018, 10:17
Қараулар: 602
«Асқақтай бер, Астана!»

«Асқақтай бер, Астана!»

16 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің «Асқақтай бер, Астана!» атты есеп беру концерті өтті. Алдымен, шара саз мектебінің құрылғанынан бері қарай жетістіктері мен ұжым мәліметтері топтастырылған бейне-сюжетті көрермендер назарына ұсынумен басталды.

“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты Елбасының мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деп атап көрсеткені белгілі. Сонымен қатар, биыл Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы. Бүгінде Астана тәуелсіз әрі егемен мемлекеттің бүгінгі және болашақтағы саяси,  экономикалық һәм мәдени орталығы ретінде қанат жайып барады. Саз мектебі ұйымдастырған концерттің басты мақсаты осы бағытты қамтыды. Яғни, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына арналды.

Қ.Жантілеуов саз мектебінің шығармашылық   есеп беру концертін ашық деп жариялауға, құттықтау сөзін сөйлеуге аудан әкімінің орынбасары Ж.Нұрғожин сахна төріне шақырылды.

— Нұралы Сапарғалиұлы бастаған өнер ұжымы ауданымыздың атын облыстық, республикалық деңгейде шығарып жатқаны бәрімізге белгілі жайт. Сонымен қоса, Астананың 20 жылдығына арналған шараларды ауданымыздағы мекеме, кәсіпорын ұжымдарына үлгі ретінде өзіңіз бастап шымылдығын ашып беріп жатсыз,-дей келе, кештің сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Әрмен қарай, кеш саз мектебінің облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен шәкірттерінің өнерлерімен өрбіген концерттік бағдарлама оздырылды. Вокал, би, аспаптарда жеке орындаушылық пен оркестр, ансамбльда топ болып жоғары деңгейде өнер көрсетулері көрермендерді тәнті етті. Әсіресе, Венера Каменованың жетекшілігімен өнер көрсеткен кішкентай бүлдіршіндерден құрылған би тобының орындауындағы «Қазақ биі» мен «Өзбек биі», Тілекқабыл Аиданың «Астана» әні мен Гафарова Камиланың («Белые ангелы») орындауындағы әсем ән, домбырашылар ансамблінің Ұлпан Наурызғали,  Амангүл Сисенова, Темірлан Сыралиевтің жетекшілігімен халық күйлері “Секіртпе” мен “Жастар биі”  домбырадағы әдемі орындаушылық шеберлікті көрсетті.

Қ.Жантілеуов атындағы  балалар саз мектебі оқушыларының ұйымдастырған есептік концерті вокалдық топтың орындауында «Қазақ елі» әнімен тамамдалды.