1.06.2018, 11:36
Қараулар: 543
Мықтыларды анықтаған жарыс

Мықтыларды анықтаған жарыс

Жаңақала   орта  мектебінде Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін VI  Халық спорты ойындарына іріктеу жарыстары өтті. Бұл жарыс Президенттік көпсайыстан облыстық додалардың бірнеше мәрте жүлдегері Бисекешев Есенғали Аюпұлының асқаралы 60 жасқа толу құрметіне орай оздырылды.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, аудан әкімінің орынбасары Ж.Нұрғожин, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Әбуғали, тағы да басқа мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Шарада аудан әкімі Н.Қадырбайұлы мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, алғысхат табыстады. Сондай-ақ, аудан басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, бұқаралық спорттың халық денсаулығы үшін маңызы зор екендігін атап өтті.

Мұнан кейін жарыстың бас төрешісі М.Есмағұлов ойын ережесімен таныстырды.

Жарысқа Жаңақала колледжінің, Жаңақала мектеп-гимназиясының, Жаңақала орта мектебінің, №3 қазақ орта мектебінің, Бірлік, Көпжасар, Пятимар, Қырқопа ауылдық округтерінің командалары қатысты.

Аталмыш жарыс 60, 100 метрге жүгіру, граната лақтыру, ұзақ қашықтыққа жүгіру бойынша өткізілді.

Жарыс қорытындысы бойынша асығы алшысынан түсіп, бірінші орынды Жаңақала орта мектебінің командасы иеленсе, екінші орын Жаңақала мектеп-гимназиясының командасына бұйырды. Ал үздік үштікті Жаңақала колледжінің командасы тамамдады.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Еслямғалиева, спорт саласының марқасқалары М.Есмағұлов, Е.Бисекешев, басқа да айтулы азаматтар үздік шыққан командалар мен жарысқа қатысқан барлық спортшыларға диплом мен медальдар табыстады.