4.06.2018, 11:51
Қараулар: 104
Көрермен көңілінен шыққан қойылым

Көрермен көңілінен шыққан қойылым

24 мамыр күні ауданымыздың мәдени демалыс орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Заман» драма үйірмесі  Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық-комедия қойылымын көрермен назарына ұсынды. Жеңіл әзілге құрылған комедия жанрындағы қойылымның оқиға желісі ауыл өнерпаздарының шытырман оқиғасын алға тартқан. Спектакльге қысқаша тоқтала өтсек, ауылдағы мәдениет үйінің жетістікке жетуіне үлкен мүмкіндік туып тұр. Ол үшін ән айтатын топ құрамы түгел болса болды. Ең басты талап – топ мүшелерінің барлығы қыздардан тұруы керек. Ал, Алтынбек сол топтың бас әншісі. Енді қайтпек? Тығырықтан шығудың жолын іздеп, ақыры Алтынбек қыздың рөлін керемет сомдап шығып, нәтижесінде шет елге жолдама алады. Қойылымның негізгі халыққа жеткізгісі келген ойы – ауыл адамдарының да үлкен сахналарда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие бола алатындығы.

Мал дәрігерін сомдаған Жұ-маттың рөлін Айдар Сатыбаев сомдаса, ауыл әкімі Ыбырайдың образын Рақымжан Төлегенов жоғары деңгейде асқан шеберлікпен ойнап, көрерменнің де көңілінен шықты. Спектакльдің сәтті шығу жолында бастан аяқ жетекшілік еткен Райгүл Рамазанова халықтың қошеметіне бөленді.

Спектакльді жылы қабылдаған көрермендер қыран-топан күлкіге қарқ болып, театр актерлеріне қол соғып, қошеметтеді.