31.05.2018, 11:51
Қараулар: 350
Үш жолдама да күйшілерде

Үш жолдама да күйшілерде

26 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде республикалық «MEN QAZAQPYN» мега жобасының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Аталмыш жобаға «Ақжайық» телеарнасының тілшісі Г.Көкеева, дәстүрлі әнші А.Еслямғалиева және домбырашы Ә.Қодаров, аудан әкімінің орынбасары Ж.Нұрғожин, аудандық саз мектебінің директоры Н.Ихсан қатысты. Аудан өнерпаздарының өнерлерін бағалауға арнайы келген қонақтар алдымен күй астанасы саналатын ауданымыздың кіре беріс қақпасында орналасқан қос домбырашының, яғни Мәмен мен Тұяқбердінің кесенесіне тоқтап, тағзым етті. Одан әрі дәулескер домбырашы, күйші Дина әжеміздің атындағы мұражайды тамашалап, «Алыптар алаңы» аллеясына гүл шоқтарын қойды. Дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілер сынға түсетін мега жобаға ауданымыздан 9 үміткер қатысты. Олардың екеуі «Дәстүрлі ән» жанры бойынша қатысса, қалған жетеуі «Күй» жанры бойынша бақ сынады. Өкінішке орай, дәстүрлі әншілеріміздің бабы да, бағы да шаба алмай, облыстық жобаға қатыса алмайтын болды. Ал, қара домбыраның күмбірін әділ қазылар алқасының жүрек түкпіріне жеткізе білген күйшілеріміз мега жобаның облыстық кезеңіне үш бірдей жолдама алды. Олар Б.Өтешқалиев, Ұ.Наурызғалиева және Т.Сырәлиев. Осы үш күйшіміз Алла бұйыртып, облыстық кезеңде асықтары алшысынан түскен жағдайда,     республикалық «MEN QAZAQPYN» мега жобасында да өнерлерін ортаға салатын болады.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар