11.06.2018, 11:14
Қараулар: 644
Ұмытылмас қоштасу кешіне кім жауапты?

Ұмытылмас қоштасу кешіне кім жауапты?

 

Соңғы қоңырау сыңғырлап, түлектердің аттестат құшақтап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшар сәті жақындап келеді. Қазір олардың алдында мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тапсырып, ата-ана үмітін анықтап, аттестатты қорғап шығумен қатар, мектеп бітіру кеші әсте естен шығып кетуі мүмкін емес-ті. Атаулы кеш ата-ана үшін де маңызды. Баласының үлкен өмірге қадам басар сәтінің соңғы секундтарын ешкімнен кем қылмай өткізуіне атсалысатыны аян. Маңызды күні ұл-қыздарымыздың сәннен қалмай жарыса сәнденуі, жұрттан қалмай жоғары деңгейде тойлануы қаражат пен қатар жауапкершілікті де қажет етеді. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, түлектердің отбасылық жағдайы да әр қилы екені белгілі. Бірақ, ештеңеге қарамастан ата-ана «баланың өмірінде бір-ақ рет болатын» кешті ұмытылмастай өткізуге тырысады. Қалалық аймақтарда түлектер бір кеште 2-3 көйлек ауыстырып, қымбат ресторанда отырып, лимузинмен қыдыратынын көріп жүрміз. Ал, ауданымызда мектеп бітіру кеші қалай, қандай бағытта өтетінін білеміз. Жаңақала ауданында биыл 261 түлек мектеп ұясынан ұшқалы жатыр.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке мектеп бітіруші түлектердің ата-аналар атынан кешке жиналатын қаржының жиналуы туралы көптеген хаттар келіп түскен. Осы бағытта министрдің пікірі бірнеше БАҚ беттерінде жарияланған болатын:

-Қараңыздар, сіздер келмесеңіздер де болады. Мен олардың лимузинмен серуендеп, үлкен қаражат жинап, бұны шоуға айналдырғандарын қаламаймын. Мен бұған моральдық тұрғыда қарсымын. Бірақ балаларға таңды қарсы алып, дұрыс мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым сала алмаймын, меніңше бұл жобаны адам сияқты талқылау керек. Ешкім ешкімді қинамайды. Егер қаламасаң, мектеп бітіру кешіне келмесең болады. Бір нәрсеге тыйым салуға болмайды деп ойлаймын, – деді Ерлан Сағадиев.

Мектеп басшысы, сынып жетек­шілері «осы мектеп бітіру кешін өткізбей-ақ тып-тыныш балаларын ата-аналарына ұстатып жіберсек екен десе, «баламыз күнде мектеп бітіріп жатқан жоқ. Ақша өзіміздікі, өзіміз қалай өткізуді білеміз» дейді кейбір ата-аналар. Ал, осындай жағдайда кеш ұйымдастырып жатқанынан бейхабар, таса да қалып араласпайтын ата-аналар «мектеп ақша жинап жатыр» деп дағбыра жасайтынын тағы бар. Мектеп бітіру кеші форматы әр жерде әртүрлі деңгейде өтеді. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде осындай қуанышты күні қайғылы жағдай қатар орын алып жататынын естіп жатамыз. Бұндай  жағдайларда жауапкершілік ата-ана мен оқушыға емес, мектеп директоры мен сол ұжымға кінә артылып жатады. Шындығында мектеп бітірушілердің кешіне кім жауапты? Мектеп пен ұстаздың қатысы бар ма? Алдын алмай, болары болған оқиға үшін кінәласып жатудың жөні қайсы? Осы сұрақтар төңірегінде ауданымыздың мектеп басшысымен мұғалімдерінен, ата-аналардан пікір алдық.

Досмухамбетов Алихан, №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің директоры:

-Мектеп бітіру кешіне де, қандай да бір сыйлықтар табыстау үшін ақша жиналмайды, мектеп пен мұғалімдер мұндай нәрселерге араласпайды. Мектеп бітіруші түлектер толықтай мемлекеттік емтихандарын тапсырып болғаннан кейін, республика бойынша аттестат тапсыру мақсатында салтанатты шара өтеді. Ал, мектеп өзіне жүктелген осы міндетін атқарып, оқушыларды шығарып салғаннан кейін олардың бұдан кейінгі шешімдеріне қатысы жоқ. Кеш өткізе ме, ақша жинап тойлайды ма, ол ата-ана мен оқушылардың өзара ақылдаса отырып шешетін мәселесі. Алайда, 1 шілдеге дейін түлектер мектеп тізімінде тұратынын айта кеткен жөн. Сол аралыққа дейін аудан төңірегінде орталықтандырылған шаралар болып жатса, арнайы жауапкершілікті бір адамға жүктей отырып, қатысамыз. Ал, қалған жеке кештерге біздің қатысымыз жоқ, «жаман айтпай, жақсы жоқ», оқыс оқиға орын алған болып жатса да, мектеп ұжымын кінәлаудің қажеті жоқ.

Айгүл Еслямқызы, ата-ана:

Қызым Жаңақала мектеп-гимназиясын тәмамдағалы жатыр. Қазір мектеп бітіруші түлек пен бізді тек емтихандарға дайындық пен қалай тапсырады деген сұрақтар мазалауда. Мектеп те ата-аналарда ақша жинау, сыйлық алу, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру керек деген мәселелерге бас қатырып жатқан жоқ. Тіпті, ойластырар болсақ та түлектер кеші мектептен аттестат алғаннан кейін, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып алған соң ғана болатын анық. Республика көлемінде жыл сайын мектеп бітіру кешінде оқыс оқиғалар орын алатынын естіп жатамыз, ондай қайғылы жағдайлар біздің ауданда да болды. Бірақ, мұндай кезде ата-аналардың мектептен немесе ұстаздардан көруі әсте дұрыс емес. Ата-ана әр бала үшін өзі жауапкершілік танытып, бақылауда ұстау керек деп түсінемін.

Әсел Шынболатқызы, ата-ана:

Мектеп бітіріп жатқан түлектердің ата-аналары ақылдасып, мектеп ұжымының араласуынсыз кешті ұйымдастырып жатырмыз. Әлі ортақ шешімге келіп, қандай форматта өткізетініміз белгісіз. Мектеп бітіру кеші міндетті түрде болады, алайда оған тек ата-ана бастан аяқ өзіміз жауаптымыз және оны міндетіміз деп білеміз. Кеш қандай, қашан ұйымдастырылса да ата-ана бірге болады, түлектер таңда қарсы алуға барамын десе де ол да рұқсатпен.

Бәрімізде ақ бантик тағып, мектеп табалдырығын аттап, дардай болып сол білім ордасымен қоштасып жатқан кезіміз әлі де көз алдымызда. Ата-анамыздың әңгімесін тыңдай қалсақ, біздің заманымызда мұндай нәрселер болған жоқ деп жатады, осыдан тура 10 жыл бұрын да мектеппен қоштасу кештері қарапайым өтетін. Қазіргімен салыстыруға мүлдем  келмейтіні жасырын емес. Бұрындары қыздар қалыңдық сияқты ақ көйлек киіп келетін, ал қазіргі көйлектер түрлі-түсті, өте әдемі. Түлектер ойын қостап, ата-аналар да «бұл күн қайта айналып келмейді» деп, оны барынша есте қаларлықтай өтсе екен деумен жүреді.

Бойларын қимастық сезім билеген түлектердің мектеп бітіру кешін ұйымдастыруына ешкім де шектеу қоя алмайды. Алайда, оқушылар мен ата-аналардың қаперінде болатын бір жәйт – қоштасу кешіне мектеп ұжымының қатысы жоқ. Аттестатты алған түлектерге мектеп бітіру кешін ұйымдастырып берген ата-аналар жауапкершілікті өз мойындарына алып, міндеттерін балалары алдында орындау қажет.