5.06.2018, 11:14
Қараулар: 351
“Балдәурен” — бақыт мекені

“Балдәурен” — бақыт мекені

Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін қызықты жазғы демалыстың жөні бір бөлек.  Бұл уақытта балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті әрекетінен босап, өз қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік туады. Сондықтан ұстаз-тәрбиешілерге оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттауды үйретудің мәні зор. Бос уақыттың дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын,  қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалғаны жөн. Осы мақсатта аудандық білім бөлімінің басшылығымен «Балдәурен» жазғы демалыс лагері өз  жұмысын бастады.

Лагерь 5 ауысым бойы 7 күн жұмыс жасайды. Бір ауысымда 5-8-сынып аралығындағы 50 бала қабылданады. 1 маусым – Балаларды қорғау күні лагерь салтанатты түрде ашылып, 50 бала алғашқы ауысымға қабылданды. Мұнда балалар жұмыс жоспарына сәйкес ауданымыздағы мәдени орындарға саяхат жасап, танымдық және рухани білімдерін толықтырады. Сондай-ақ, педагог-психолог, медбике, тәрбиешілер жұмыс жасап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Балалардың таңы таңғы 7:00-де басталады. Сапқа тізілген оқушылар денесін шынықтырып, 5 мезгіл тамақтанады. Одан соң  түрлі тренингтер мен сайыстарға, спорттық шараларға қатысып,  өздерінің білімдері мен күштерін таразыға салады.

Алғашқы кезеңде балалармен «Балдәурен достарын шақырады» атты танысу кеші, ғалымдар мен өнертапқыштар күніне арналып «Қиял әлеміне саяхат», Рәміздер күніне «Ұлтымның айбыны болған Елтаңбам», денсаулық күніне «Салауатты Қазақстан» спорттық шарасы өткізілді. Алда тағы Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне  «Аялаған Астана» атты мерекелік шара мен лагерьдің жабылу салтанатына орай «Көңілді достар алаңы» шарасын ұйымдастыру жоспарда.

Айта кетейік, жалпы лагерьге 3 млн. 388 мың теңге қаржы бөлінген. Оның  1 млн 121160 теңгесі аудандық лагерьлерге бөлінсе, қалған 2 млн 266840 теңге мектепішілік лагерьлердің еншісінде.

Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып өсіру – бүгінгі күннің басты міндеті.