7.06.2018, 11:35
Қараулар: 559
Боздақтар рухына ас берілді

Боздақтар рухына ас берілді

Бүгін Жаңақала колледжінің саябағында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар» атты митинг жиын өтті. Шараны аудандық орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин бастаған ауыл тұрғындары қатысты. Жылдағы әдетінен жаңылмаған жаңақалалықтар да дәл осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін зұлматты жылдарда жапа шеккен, жазықсыз құрбан болған ата-баба рухына аудандық мешіттің найб имамы Нұрпейіс Мұхаммедұлы құран аяттарын бағыштап, елдің тыныштығы үшін дұға тіледі.

-Миллиондаған отандасымыз құрбан болған сұрапыл жылдарды ұмытуға болмайды. Егемендікке қол жеткізу үшін сол заманғы ұрпақ қандай қиындықтарды еңсеріп, қандай азаптарды бастан кешіргендерін жастарға айтып отыру керек. Олардың қанымен келген тәуелсіздікті сақтау керек!-деді жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ж.Нұрғожин. Содан соң  жапа шеккен жерлестеріміздің ұрпағы, еңбек ардагері Қ.Текебаев тебірене сөз сөйледі.

Шарада ақын Ғ.Сейтақтың «Бостандығым — боздағым», Ғ.Әнестің «Бірінші сыр», «Екінші сыр» атты өлеңдерін аудандық кітапхана қызметкерлері нақышына келтіре оқыса, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы қазақ халқы үшін азапқа толы кезеңді көрініс арқылы көрсетті.  Сосын тағылымға толы шараны Айсезім атты оқушы көркемсөзбен кестелесе, Қуанышбек Айдарбеков «Отан Ана» әнін шырқады.

Нақ осы күні Жаңақала ауылдық округінің әкімдігі және Жаңақала колледжінің ұйымдастыруымен ақ дастарқан жайылып, боздақтар рухына құран бағышталып, ас берілді.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар