28.06.2018, 16:40
Қараулар: 98
Турнир тартысты өтті

Турнир тартысты өтті

«Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны аясында ауданымызда көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – шағын футболдан өткен аудандық турнир.

Шараға «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Аманғалиұлы, Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Ақнұрлы Нұрғалиқызы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры  Жайсан Ахметұлы қатысты.

Турнирде алдымен мемлекеттік әнұран орындалып,  «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Жаңақала балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Жаңақала мектеп-гимназиясы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі, №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі, Жаңақала колледжі, Жаңақала аудандық жас туристер станциясы, Жаңақала аудандық орталық ауруханасы, мектептен тыс жұмыс орталығы сынды  8 команда қатысып, бақ сынады.

Екі топқа бөлінген командалар бір-бірімен тартысты ойын өткізіп, мықтылары жартылай финалға шықты. Алғашқы топтан Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі мен №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің құрамалары келесі айналымға шықса, келесі топтан мектептен тыс жұмыс орталығы мен  Жаңақала колледжі  командалары жартылай  финалға жолдама алды.

Тартысты әрі қызықты өткен сайыс нәтижесінде Жаңақала колледжі командасы чемпион атанса, №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі екінші орынға тұрақтады. Ал, мектептен тыс жұмыс орталығы үздік үштікті түйіндеді. Жарысқа қатысушылар арнайы дипломдармен, алғысхаттармен, медальдармен марапатталды.