20.06.2018, 16:43
Қараулар: 384
Түлектер түлеп ұшты мектебінен

Түлектер түлеп ұшты мектебінен

Бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық. Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында ауданымызда жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылады. Соның бірі – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үздіктер шеруі».

Мектеп бітірушілерге арналған шара орталық алаңда әсем безендірілген сахнада өтті. Көңілдерін қимастық сезімі билеген мектеп түлектері, ұл-қыздарының шашбауын көтерген ата-аналар, шә-кірттерін үлкен өмірге шығарып салғалы тұрған ұстаздар осында бас қосты.

Ортаға білімнің қайнар көзіне айналған, дарынды шәкірт атаулыны бір арнаға тоғыстырған Жаңақала мектеп-гим-назиясының, №2 Жаңақала жалпы ор-та білім беретін мектебінің, №3  жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің түлектері мен ауданымыздағы ауылдық округтердің мектеп бітіруші түлектері шақырылып, олардың арасынан мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, республикалық, облыстық, аудандық пән олимпиадаларында, шығармашылық, әскери-патриоттық, спорттық, туризм жарыстарында, басқа да түрлі байқаулар-да мектеп, аудан намысын абыроймен қорғаған түлектердің есімдері ерекше мақтанышпен аталды.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мектеп бітіруші түлектерге өмірден өз орындарын тауып, алған білімдерін одан әрі тереңдетіп, тәуелсіз еліміздің игілігіне жұмсауға тілектестігін білдірді.

Бұдан кейін жиналған көпшіліктің қошеметімен, аудан мақтанышына айналған «Алтын белгі»,  «Үздік аттестат» иегерлері  ата-аналарымен сахна төріне көтерілді. Үздік нәтижеге қол жеткізген шәкірттердің ата-аналары аудан әкімінің алғысхатымен марапатталып, үздіктерге 11 жылғы білімінің жемісі болған аттестаттары табыс етілді. Шара барысында шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берген бірқатар мұғалімдер аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Мерекелік шара түлектерге арналған мерекелік концертке ұласты. Думанды кештің соңы әуе шарларын ұшырып, сән-салтанат құрған отшашумен аяқталды.

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар