11.07.2018, 11:36
Қараулар: 91
Аудан әкімі академик-ғалымды қабылдады

Аудан әкімі академик-ғалымды қабылдады

Таяуда аудан әкімі Н.Қарағойшин ауыл шаруашылығы ғылымдарының док-торы, профессор, Қазақстан Республикасы жаратылыстану ғылымдары академиясының және жоғары мектеп, халықаралық ғылым академиясының академигі Жұмағали Сайденұлын қабылдап, құрмет көрсетті.

-Сіз ауыл шаруашылық саласына үлкен үлес қостыңыз. Ел үшін аянбай еңбек еттіңіз. Енді сол кешкен бейнетіңіздің зейнетін көріңіз. Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Сізге ұзақ өмір, зор денсаулық, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Жерлестеріңіз сізбен және сіздің жетістіктеріңізбен мақтанады,-деп ізгі лебізін білдірген аудан басшысы Н.Қадырбайұлы ғалымға құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты.

Туған өңіріне сапарлап келген ғалым өзіне көрсетіліп жатқан ілтипатқа ризашылығын білдірді.

-Жерлестерім мені еске алып, іздегеніне қуаныштымын. Осы уақыт ішінде Жаңақала ауданы айтарлықтай өзгеріп, көркейгені бірден байқалады. Сіздерге алғысымды білдіремін,-деді ғалым.

Сондай-ақ, ғалым өзінің өткен өнегелі өмір белестерінен де сыр шертіп, әсерлі әңгіме айтты.

Жылы шырайлы кездесуде еңбек ардагері Қ.Текебаев Ж.Сайденұлымен ба-лалық шағының бірге өткенін тілге тиек етіп, есте қалған естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, еңбек ардагері Қ.Қайыржанов, тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Кездесу соңы естелік суретке түсуге ұласты.