26.07.2018, 11:29
Қараулар: 88
Ақиық ақынға арналды

Ақиық ақынға арналды

«Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла се-зімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген ұлағатты сөздің өлеңге де толық қатысы бар. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық ас-қақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып рухани күш алады» дейді сыншы С.Әшімбаев.

Хош дедік. 26 шілде күні аудандық орталықтандырылған кітапханада тағылымды һәм шұрайлы шараның куәсі болдық. Бұл кеш қазақтың аяулы ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармаларын насихаттауға арналды. Шараға ҚР Журналистер одағының мүшесі Қаһарман Зинуллин, жас ақын Сыйлыхан Жұмасалық, кітапхана оқырмандары, студенттер, өлеңсүйер жастар қатысты.

Қазақ өлеңін қадірлейтін оқырмандар арасында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы есімін білмейтін оқырмандар кемде-кем шығар. Тіпті жоқ деуге болар. Тыныштықбек өзінің жырларымен қазақ поэзиясына бұзып-жарып кірді де поэзия оқырмандарының санасында өшпестей болып, берік таңбаланып қалды. Тыныштықбек ақын туралы қазақ әдебиеті алыптарының бірі Әбіш Кекілбаев былай деп жазыпты: «Бұл – менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп кетпеді?… Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көзтастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды». Бұл, әрине, Тыныштықбек ақынға берілген зор баға екені анық.

Сонымен, шара барысында ақынның өмірбаяны шағын бейнебаян арқылы көрсетіліп, кітаптары мен шығармаларына шолу жасалды.

Т.Әбдікәкімұлының бір топ өлеңдерін кітапхананың тұрақты оқырмандары С.Талапұлы, А.Серікқалиұлы, А.Батырғалиұлы, Н.Анарбекқызы, А.Қабидоллақызы, Ж.Қанатқалиқызы сынды жалынды жастар нақышына келтіре оқыды. Ал, ұстаз әрі журналист Қаһарман Сағындықұлы Тыныштықбек ақын жайлы сыр шертіп, әсерлі әңгіме өрбітті.

-Тыныштықбек ақын қазақ поэзиясына соны леп алып келді. Оның өлеңдерін жастық шағымнан бері үзбей оқып келемін. Туындыларымен етене таныспын. Жата-жастана оқитын ақындарымның бірі де бірегейі осы Тыныштықбек,-деген Қ.Зинуллин ақынның бірқатар өлеңдерін жатқа оқып, кештің көркін келтіре түсті. Сондай-ақ, ол жастарды әманда кітаппен дос болуға шақырып, соның ішінде поэзияны сүю керектігін тілге тиек етті.

Жастар өкілдері де өздерінің парасатты  пікір-ойларын ортаға салып, айтулы ақынның жақұт жырларынан жандарына азық алғандарын айтты.

Шара соңы естелік суретке түсуге ұласты. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Мұқашева мұндай әсерлі кештердің әлі де жалғасын табатынын сөз етіп, келген қонақтарға алғысын жеткізді.

«Поэзия – махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген еді ақиық Мұқағали. Олай болса, оқырмандарымызға ақынның соңғы жылдары шыққан өлеңдерінің бірін ұсы­намыз.

Е-ее… Махаббат дейсің бе?..

Аңыз бен ертек, бәрі – шын…

Махаббат – өмірмен бәсеке,

Ажалмен келісім.

Сайтанның сүтін де сауып ішіп,

Кісі де өлтіресің сол үшін.

Ол – тар, қысқа, кең, ұзын…

Барша сезімдердің негізі.

Сұлулықтың шешесі де –  сол,

Тәңіріге егіз үн!..

Ол құйып берген жап-жарық  жасампаз шер – іште.

Мейлің, келіс-келіспе.

Махаббат үшін басыңа күн көтеріп жүргеніңде,

Қолыңа су құюға да жарамайды мың…  періште.

Махаббат, ол – ұғынылмайтын  ұғым,    ұқтың ба?

Өлтіре де алмайсың.

Ала да алмайсың тұтқынға.

Оның алдында – өз көз жасынан уланып өлген,

Әлемдік талай билеуші-мықтың да.

Махаббатта – түк те жоқ,

Ар-ұят та… ештеңе.

Оған – бәрібір, таңертең бе, кешке ме…

Ессіздіктің нұры сондай тап-таза!..

Белгісіз… Бейғарышта жүзіп жүрген бос кеме…

Бірақ, босты “бос” деме.

Оттай береді мораль менен діни сын.

Махаббат қана дарытар – жұпар діл иісін…

Онымен аңқылдап үйлесе алсаң, үйлестің.

Үйлесе алмасаң, құрисың!