3.08.2018, 15:49
Қараулар: 287
Гауһар тойға жұптасып жеткен жандар

Гауһар тойға жұптасып жеткен жандар

Бір шаңырақ астында өмір сүріп, күміс, алтын, гауһар тойға қол ұстасып жеткен жанда арман болмас, сірә?!

Алпыс бір көктемді артқа тастап, бала-шағасы мен немерелерінің ортасында бақытқа кенеліп, елдің амандығын тілеп отыру екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Гауһар той – ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтеріп, отасқанына алпыс жыл өткенде тойланатын үлкен қуаныш. Мерейлі мерекеге аман-есен жеткен жұбайлардың барлығы бұл күнді атап өтуге тырысады. Өйткені «Гауһар той» ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымды білдіреді. Осындай іргесі берік, шаңырағы шаттыққа толы жанұяның бірі Көпжасар ауылында тұрады. Олар – Сидағали Қойшығалиев пен Әсима Қойшығалиева. Бұл қазыналы қариялардың отасқанына биыл 61 жыл болған екен. Иә, бұл аз уақыт емес қой. Осы жылдар ішінде 4 қыз, 3 ұл өсіріп, олардан 24 немере,  12 шөбере сүйіп отырған Сидағали қария мен Әсима әженің әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет.

61 жылдан бері өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген ерлі-зайыптының пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салса, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы жастарға үлгі боларлықтай.

Отағасы Сидағали Қойшығалиев 1932 жылы Жуантөбе ауылдық советінде (20 ауыл) дүниеге келген. 1945 жылы Мәстексай жетіжылдық мектебін бітіреді. Қызметінде абыройлы, жанұяда сыйлы бола білген отағасы өзінің іскерлігі, біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында елге сыйлы бола білді. Сидағали ата 1948-1949 жылдары Киров атындағы орта мектепті бітіргеннен соң, 1949-1951 жыл-дары А.С.Пушкин атындағы пе-дагогикалық институтының жа-нындағы 2 жылдық оқытушылар институтының химия, биология, жағрапия факультетін тамамдаған. Сидағали ақсақал көп жылдар ауданның білім беру ұйымдарында, яғни ұлағатты ұстаз болып аянбай қызмет етті. Мәстексай орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған Сидағали ата Фокеево жетіжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Құрманғазы атындағы мектеп-интернатта оқы-тушы-тәрбиеші, Сакко атындағы мектепте директорлық қызметте болған. 1966 жылы желтоқсан айында Мәстексай совхозына совхоз партия комитетінің хатшысы болып сайланған. 1978 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен Жаңаталап совхозында партком секретары, 1990 жылы қыркүйек айында Көпжасар селолық кеңесінің төрағасы болып сайланып, ел үшін еселі еңбек етіп, 1992 жылы еңбек демалысына шығады.

Сидағали атамыз осы уақытқа дейін абыройлы біраз марапаттың иесі атанады. Соның бірі 1991 жылдан бері Жаңала ауданының «Құрметті азаматы». Бұдан бас-қа да мерекелік медальдармен наградталған.

Алпыс бір жыл бір адамның тағдыры екенін ескерсек, еліне қызмет етіп қана қоймай, шаңырағын шаттыққа толтырып, шайқалтпай ұстау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бар өмірін қызметімен қатар, бала тәрбиесі мен жанұясына арнаған Сидағали ата мен Әсима әже бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қазір зейнеткерлер немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, өмірден көргені мен түйгендерін айтып отырудан жалыққан емес. 61 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптының жастарға да айтары көп.

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөз бар. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, ошақтың түтінін түзу түтету, ұл-қызыңды тәрбиелеу үшін ең алдымен шыдамдылық пен сабыр керек. Отбасы құндылығын қадір тұтып, бірінші орынға қою керек. Сонда ғана шаңырағы шайқалмай, босағасы берік болады,- дейді ақсақал. Шаңырақтың шаттығын сақтап, ұл-қыздарын тәрбиелеп, бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы болып, 61 жыл бойы жұптары жазылмай келе жатқан Сидағали ата мен Әсима әженің отбасы қуанышқа тола берсін. Алла оларға ғасыр бойы жұп жазбауға нәсіп етсін демекпіз. Осындай жастарға үлгі болар отбасы көп болғай!

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.