13.08.2018, 11:04
Қараулар: 174
Көзәйнек кигендер неге көбейді?

Көзәйнек кигендер неге көбейді?

«Екі көзің – шырағың» демейді ме атам қазақ? Отбасымда төрт баламыз, бәрімізде мектеп жасынан көзілдірік тағамыз және онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Шындығында, әкемнің көзі «оқтай», алыстан да, жақыннан да көруі Аллаға шүкір, жақсы. Оның намысына тиетіні, біздің «төрткөз» болып, кө-зілдіріксіз алысты көре алмайтынымыз. Себебі, олардың кезінде көзілдірік киіп жүретін жандар саусақпен санарлық еді. Бір сыныпта бір бала киіп жүргені болмаса, ондай да жоқ еді. Ал, қазір бір сыныптың 2-3 баласы көзілдіріксіз жүрсе, керісінше соған қуанамыз. Әкем мен анам кішкентай кезімізден ешкімнен кем қылмай өсіргілері келді. Компьютер, теледидар, ұялы телефон, заманауи гаджеттердің бәрі қолжетімді болды. Бірақ, әрдайым «экранға жақын отырма», «жаттығу жаса», «кітапты жатып оқыма», «ұйықтарда ұялы телефонды шұқыма» деген ескертулер айтатын, ал біз істеме дегенді істеп, тыңдамайтын едік.

Компьютер, планшет, смартфондар және басқа да электронды құрылғылар біздің заманымызда түрлі қызықты нәрселермен уақытты өткізуге, ақпарат алуға таптырмас көмекшілер болғанымен, соңы жақсылыққа апармайтын проблеманың  көзі болып отыр. Компьютерлер ғасырында әлемді былай қойғанда, қазақстандық оқушылардың көз көру сапасы асқан жылдамдықпен төмендеп барады. Егер осы жағдайды уақытында қолға алмасақ, келешекте офтальмологиялық патологиясы бар және жоғары пайызбен мүгедек ұрпақтар қатары өседі.

Қазірдің өзінде бұ-рынғыдай мазақ қылып «төрткөз» деп айтатындар жоқтың қасы. Менің кейбір таныстарым бар, көзі көрмейтін адамдар сияқты «сәндік» үшін көзілдірік сатып алып, киіп жүреді. «Көз жанарларыңның шексіздікті анық көретініне неге қуанбайсыңдар» деп мен таңқалыс білдіріп, бас шайқайтынмын. Қонаққа барсаң да, үй шаруасында жүріп те бесіктен белі шықпаған баланың қолына жыламасын, тыныш отырсын деп смартфонды ұстата салатынымыз да жасырын емес.

Көшеде кетіп бара жатып танысыңды, автобустардың нөмірлерін, дүкендердің аттарын қашықтықтан көре алмау қандай қиын еді?! Статистика бойынша, көзі жүз пайыз көру көрсеткішімен бірінші сыныпқа барған оқушылар 11 сыныпқа келер сәтте солардың 20-30 пайызы ғана көзілдірік тақпайтын болып шығады. Ал қалған 70-80 пайыз түлектерде әр түрлі көз жүйесінің бұзылуы, көрмеушілік болады. Оған мектеп программаларының жыл сайын қиындауы, оқушылардың сабақтардан бос уақытта гаджеттерді шамадан тыс пайдалануы бірден-бір себеп.

Қазақстандық ғылыми-зерттеу орталығының 2017 жылғы есебі бойынша миопияға әр 10-ншы бала және әр 5-нші жасөспірім шалдыққан. Жаңа ғасырда офтальмологияда гаджеттерге деген қызығушылықтардан жаңа диагноз пайда болып жатыр, мысалы «компьютерлік көру синдромы».

Көру сапасының нашарлауы, соның ішінде миопия диагнозы тек Қазақстанда емес, әлем бойынша кең тараған түр. Қазір дүниежүзі халқының төрттен бірі шалдықса, ғалымдардың айтуынша 2020 жылға қарай үштен бір адам көзілдірік киетіндер қатарынан табылады.

«Бүгінде көзілдірік кигендер неге көп?» деген сауалды аудандық аурухананың офтальмолог-дәрігері Гүлмира Ғилымқызына қойған едік.

-Гүлмира Ғилымқызы, бүгінде жас та, кәрі де көзілдірікке тәуел­ді. Әсіресе, жастар мен бүлдіршіндер ара­сында көзілдірік киіп, линза таға­тындар қатары көбейді. Себебі неде?

-Өзімде осы тақырыпта мақала жазам ба деп жүргенмін. Бүлдіршіндер арасында көзілдірік киетіндер қатары көбеюінің басты себебі — ұзақ уақыт жақыннан кітап, дәптермен жұмыс істейді, қала берді үйден шықпай теледидар, компьютер алдында тапжылмай отырады. Балалар мен жасөспірімдер арасында алыстан көрмеушілік (близорукость) ауруының кең тарауы:

-әсіресе, сабақ оқитын жылдары болады, ұзақ уақыт жақын жерде көздің жұмыс жасауына байланысты;

— тұқымқуалаушылық  (наследственность) жолмен пайда болуы;

— дүниеге салмағы жетпей келуі;

— жиі аллергиялық, пневмония ауруларымен ауыратын балаларда кездеседі.

Баланың жұмыс орны мектепте де,  үйде де дұрыс болуы керек және партада бүкіреймей,  омыртқасын түзу ұстап отырғаны жөн. Ата-ана, мұғалімдер балаларға оқып, жазғандағы арақашықтық көзден  35-40 см. болу керектігін көрсетіп, оған жарықтың дұрыс түсуін қадағалауға міндетті. Әр бала күніне 9,5 — 10 сағатқа дейін толық, тыныш ұйқыда болып,  сабақтан келгеннен кейін міндетті түрде демалуы керек.

-Көздің көру қабілетін қайта­дан қалпына келтіру мүмкіндіктеріне тоқталып өтсеңіз: арнайы көз жаттығулары, физиотерапия, мойын омыртқаға жасалатын массаж, көзілдірік кию, витаминдер (кальций глюканат, фосфор қышқылы) ішу, арнайы тағамдар (сүзбе,жұмыртқа, бауыр, балық, сәбіз) тұтыну. Сонымен қатар, лазерлік операцияларды 18 жастан  бастап жасауға рұқсат етілген.

Ауданымыздың әрбір 7-8  адамы көзілдірік киеді. Олардың ішінде тұқымқуалаушылықтан бөлек, жүре бара көзәйнекке тәуелді болып жатқандар саны артып келеді.

-Қазіргі таңда көзілдірікті линза алмастыра бастады.  Жалпы, лин­за мен көзілдіріктің қайсысы тиімді?

-Контакталық (жанаспалы ) линза – мүйіз қабықта сәуленің дұрыс сынбауын (астигматизмді) түзету үшін қолданылатын оправасыз көзілдірік. Ол органикалық шыныдан немесе пластмассадан жұқалап жасалады және тікелей көздің мүйіз қабығына кигізіледі.

Бірақ жанаспалы линза күн сәулесінен көз алмасының ішін   қорғағанымен, көз алмасының үсті мен көздің дәнекер қабығын қорғамайды. Сондықтан, бәрібір оның сыртынан күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік кию керек. Жанаспалы линзаның тиімсіз жағы көзге инфекция  түсуі мүмкін. Ондай олқылық болмас үшін контейнерден линзаны алған кезде  таза, құрғақ  қолмен  алу керек, линзаны контейнерден пинцетпен алуға болмайды.

Көзілдірікте линза пластмассадан немесе шыныдан болуы мүмкін. Шыны көзілдірік шыны линзаға қарағанда салмағы ауыр, олар мұрын үстін басып, қан айналымын шамаландырып, басты ауыртады. Сонымен қатар, мұндай көзілдірік спортпен айналысатын адамдарға қолайсыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, көзілдіріктің детальдары еш жерге батпай, ара қашықтықтары дұрыс сақталу керек.

-Балаларды көзілдіріктен қорғау мақсатында ата-аналарға берер бірер кеңесіңіз.

-Баланың көзінің көрмеушілігін тауып, уақытында қаратып, емдетіп, әрі қарай ұлғаюын тоқтату керек. Балалардың теледидар, компьютер қарау және жаңа ақпараттық технологиялар алыстан көрмеушілік ауруын 2 есе көбейтеді.

Қорытындылай келгенде, дені сау ұрпақ тәрбиелеп, өсіру ең алдымен ата-ананың парызы. Гаджеттерге деген тәуелділікпен олар күресе алмаса, мемлекеттің қолынан келері шамалы. «Бала — өмірдің қызығы» деп ата-аналарымыз ешкімнен кем қылмай өсіріп, сұрағанын алып беріп, қуантқысы келетіні рас. Бірақ, баладан ешнәрсені аямаймыз деп жүрген әрбір ата-ана өзінің балаларының болашағын әріден ойласа екен деймін. Олардың мөлдіреген жанары мен денсаулығына ешнәрсе де жетпейтінін түсінер.

Кейде кейбір мәселенің шешімін таба алмай жатамыз, тамырын жою қиындық тудырып жатады. Бірақ, жоғарыда көтеріп отырған мәселенің шешімі бар, тек кейінге қалдырмай уақытында дұрыс қадам жасалу керек. Көзімізді арымыз сияқты жас кезден қорғауға міндеттіміз. Сонымен қатар, ата-аналармен бірігіп, мектеп ұжымы, ақ халатты абзал жандар оқушыларды уақытылы тексерістен өткізіп, терапия көрсету, болашақта қазақстандықтардың жаппай көзілдірік киюінен қорғайды деген үміттемін.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.