7.08.2018, 11:07
Қараулар: 382
Дәлдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең

Дәлдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең

6 тамыз күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында билер кеңесін құру туралы жиын өтті. Жиында қазақ халқының тарихында болған дәстүрлі құқық жүйесінің кейбір қырларын жаңғырту мәселесі талқыланды.

Бұл басқосуға аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудандық соттың төрағасы С.Есжанов, аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, аудан әкімінің орынбасары, аудандық сот, ішкі істер бөлімінің өкілдері, ардагерлер, тағы басқа азаматтар қатысты.

Аудандық соттың төрағасы С.Есжанов жиын басында қазіргі Қазақстанның сот жүйесі мен бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамының сот төрелігі арасында ұқсастық барын, билер соты дауларды шешу кезінде татуластыру рәсімдеріне баса мән бергенін айтып өтті.

Аудандық соттың төрағасы С.Есжановтың айтуынша, қазіргі қоғамға билер соты қажет. Олар азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей, медиациялық тәртіпте әрекет ете алады.

-Билер соты, дала соты ата-бабамыздың, сонау қазақ хандығы, қазақ құрылымы, қазақ мемлекеті кезінде қоғамнан ерекше орын алғаны рас. Олар биліктің, мемлекеттің құрылымына араласты. Расында да, қазақтың ежелгі билер соты тек сот төрелігін жүзеге асырған жоқ, мемлекеттік құрылымға да қатысып, республикалық, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді қарады.

Қазіргі билер соты қоғамдағы азаматтық мәселелерді шешіп, сотқа дейін бітімгерлікке келіп, татуласуды жүзеге асыруы тиіс. Ел ішінде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар бар, сөзбен жанжалды ажырата алатын, бұрын мемлекеттік қызметте болған, қазір зейнеткерлік жаста жүрген ел ағалары, ауыл ақсақалдары бар, солардың басын қосып, қоғамдық ұйым, қоғамдық кеңес ретінде құрып, ел ішінде болып жатқан дау-дамай, жанжалдарды реттеп, соларды бітімгершілікке баулыса, міне, осындай бағытта билер соты қажет деп есептеймін,-деді ол. Иә, сот төрағасы сөзінің жаны бар.

-Бұл бастама  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен де ұштасып жатқан жоқ па? Біз өткенімізді жаңғырту арқылы жасампаз ел бола аламыз. Тәртіп пен тәрбие басты назарда болуы керек. Билер кеңесін ауданымызда құруды құптаймын,-деді жиында аудан әкімі Н.Қадырбайұлы.

Жалпы, бұл мәселені жиынға қатысушылардың басым  бөлігі қызу талқылап, оң көзқарастарын танытты.

Ата-бабаларымыз ел ішіндегі дау-дамай, жанжалдарды билердің көмегімен шешіп, аразды татуластырып, әділетті жолға жөн сілтеп отырған.

Жиын қорытындысында аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне билер кеңесін құруға тапсырма берді.