8.08.2018, 10:26
Қараулар: 237
Жастарды толғандырған мәселелер талқыланды

Жастарды толғандырған мәселелер талқыланды

8 тамыз күні коворкинг орталығында Халықаралық жастар күніне орай «Ашық алаң» атты жастармен кездесу оздырылды. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Ж.Нұрманұлы кешті бейресми түрде, еркін тақырыпта, пікір алмасу бағытында өткізуді ұсынған болатын. Кешке аудан әкімі Н.Қадырбайұлы, БҚО «Жасыл ел» филиалының жетекшісі Қ.Болатұлы, бөлім басшылары, аудан жастары мен жастардың бастауымен құрылған ұйымдардың өкілдері қатынасты.

Алғашқы сөз аудан әкімі Н.Қадырбайұлына берілді. Аудан әкімі аудан көлемінде атқарылып жатқан бірнеше мәселелерге тоқталып, жастарға кеңінен түсінік бере отырып:

-Алғаш рет ауданымызда бір жобаның өзіне 2 миллиард қаржы бөлінді. Барлық округтерде тұрғындар мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Аудан орталығындағы 1047 үйге инфрақұрылым тартылып жатыр,-деп ауданның бүгінгі ахуалын әңгімелеп берді.

Сонан соң, жаңақалалық жастардың жанашыры Қанат Болатұлы осындай кездесуге шақырту алғанына алғыс білдіріп, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен бірігіп жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Ақжайық» КВН лигасының төрағасы ретінде өз атынан аудан әкіміне мынадай ұсыныс айтты:

-Жаңақала ауданында көзінен от шашып тұрған жалынды жастар бар. Солардың ішінде республикалық деңгейде жыл сайын өткізіліп тұратын «Жайдарман» ойындарына аудан атынан шығатын топқа қолдау танытсаңыздар. Сабақ уақытында болатын ойындарға рұқсат беріп, облыстық, республикалық көлемдегі ойындарға демеушілік көрсетсеңіздер,-деді ол.

Кездесу ауданымыздың жалынды жастарының ұсыныстарымен жалғасын тапты. Жастар жағы көкейлерінде жүрген көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде, негізінен, спорт саласындағы мәселелер кеңінен көтерілді. Аудан орталығына, ауылдық округтерге спорттық кешендердің қажеттігі, түрлі  спорттық шараларда спортшыларымызға қаржылай қолдау көрсету сынды мәселелер сөз болды. Аудан әкімі Н.Қадырбайұлы бұл мәселелердің шешімі табылатынын тілге тиек ете отырып, ауданымызда спорт саласы маманының жоқтығы қынжылтатынын айтты. Сонымен қатар, жас түлек А.Асқарова «Жаңақала жастары» атты кітапты қайта жаңғыртып шығаруды, Ү.Сәлімова коворкинг орталығына «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген қазақ тіліне аударылған 18 кітапты алып беруге қаражат қарастыруға қолдау көрсетуін сұрады. А.Сарымсақов ауданымызда пікірталас өткізу қолға алынса, кең көлемде турнир өткізіп, облыстық, республикалық жарыстарға дебатерлар дайындасақ деген ұсынысын жеткізді. Бұл мәселелерден бөлек, шығармашылық қабілеті бар жастар арасында шаралар өткізу, оқушылармен Хан ордасына барып, тарихи көрнекіліктермен танысуға саяхат жасауға қолұшын беру, бұрын ұйымдастырылып жүрген «Бірлік» жазғы лагерін қайта жандандыру сияқты ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі Н.Қадырбайұлы кездесу барысында айтылған сауалдардың барлығының да шешімі табылатынын айтып, бөлім басшыларына тапсырма берді. Кеш соңы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жас көшбасшылар мектебіндегі» көшбасшыларға Н.Қадырбайұлы мен Қ.Болатұлы төсбелгі тақты.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.