18.09.2018, 16:36
Қараулар: 341
Көгілдір алау – тұрмыстың сәні

Көгілдір алау – тұрмыстың сәні

Жаңақала ауданы өңіріміздегі қарыштап дамып келе жатырған алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Ауданымыздың шаруасы шалқып, кәсібі көркейіп, жыл санап дамуына көптеген мекемелер мен кәсіпкерлердің, шаруалар мен  еңбек адамдарының үлесі зор. Солардың бірі Жаңақала желілік өндірістік басқармасы десек, артық айтқанымыз болмас. 1968 жылы іргетасы қаланған аталмыш басқармаға биыл  50 жыл толып отыр. 

1968 жылы бұрынғы Қисыққамыс селолық кеңесінде «Орта Азия Орталық» магистральды газ құбырының алғашқы қадасы қағалып, Қисыққамыс компрессорлық станциясы №1 компрессорлық цехының құрылысы басталған болатын. 1985 жылға дейін осындай бес цех іске қосылып, олар сол кезде тәулігіне 19-38 млн. текше метр газ айдауға есептелінген. Сол жылдардан бері «ҚазТрансГаз» ұлттық операторының «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Орал магистралдық газ құбырлар басқармасына қарасты Жаңақала желілік өндірістік басқармасы болып жұмыс жасап келе жатырған аталмыш басқарма бүгінгі таңда мердігерлік ұйымдармен қоса алғанда ауданымыздың 200-ден аса тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Орта Азия Орталық» магистарльды газ құбыры арқылы Қазақстанның оңтүстік облыстарын газбен қамтумен қоса алыс-жақын шет елдерге газды жеткізу бағытында қызмет көрсетіп отырған  басқармаға бүгінде жарты ғасыр толып отыр. Осыған орай ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып отырған басқарманың ұжымы 7 қыркүйек күні 50 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мәдени демалыс орталығында өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудандық мә-слихат хатшысы З.Сисенғали, Орал магистральдық газ құбырлар басқармасы филилалының директоры А.Асаровпен қоса, бір кездері Жаңақала желілік өндірістік басқармасына басшылық еткен азаматтар,  Ресей елінен арнайы келген қонақтар В.Корниенко мен  Б.Кушнир және облыстар мен аудандардың газ саласының бір топ басшылары қатысты. Салтанатты жиын басқарманың тарихын баяндайтын фото және кітап көрмесімен басталды. Одан әрі қонақтар басқарманың өткені мен бүгінінен сыр шертетін бейнероликті тамашалап, кезекті құттықтауға берді. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі берекелі ұжымды 50 жылдық мерейтойларымен құттықтап, аталмыш басқарма ауданның құрылуына өз септігін тигізгендігін айта отырып, аудан экономикасын дамытуда алатын орыны зор екендігін тілге тиек етті. Басқарма ұжымы атына жолданған  жылы лебізден соң Н.Қадырбайұлы ауданның экономикасын дамытуда атқарған қажырлы еңбегі үшін басқарма басшысы А.Таңатаровқа алғыс хат табыстады. Аудан әкімнің құттықтауынан соң сөз әр жылдарда басқармаға басшылық жасаған басшылар мен мерейтойға арнайы келген қонақтарға берілді. Өздерінің жүрекжарды тілектерін жолдап, естелік сыйлықтарын  табыс еткен қонақтардың құттықтауы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Аудан өнерпаздары меймандардың көңілін көтеретін әсем әндермен қоса, патриоттық әндерді де шырқап, кештің шырайын келтірді. Сондай-ақ, кеш барысында  басқарманың мерейтойына арналған жас ақын О.Меңдіқұловтың  сөзіне жазылған Ж.Ғайсағалиевтың «ҚазТрансГаз» әні мен жерлес ақынымыз З.Сисенғали мен жергілікті сазгер Е.Сатыбаевтың «Көгілдір алау — жанұя сәні» атты әнінің тұсауы кесілді. Жерлес ақындарымыздың бұндай тартуына кеш қонақтары дән риза болып, орындаушылардың өнеріне қошемет көрсетті. Мерекелік шара басталмастан 1 апта бұрын газетіміз-дің сайтына «Бірлігі бекем басқарма» атты жыр мүшәйрасы жарияланған болатын. Басқарманың тарихын жырға қосу, ынтымағы жарасқан ұжымның бүгінгі келбетін айшықтау, мерейлі ме-кемеде қызмет еткен аудан тұрғындары-ның елеулі еңбегін дәріптеу мақсатында өткен өлең бәйгесіне ауданымыздың жас ақындары А.Ермекқалиев пен С.Жұмасалықов қатынасып, төл туындыларын тарту етті.

Салтанатты жиынның соңында Жаңақала желілік өндірістік басқарамасының басшысы Айдарбек Жүсіпкерейұлы сөз алып, алтын уақыттарын бөліп, құттықтай келген барша мерейтой қонақтарына алғысын айтып, өз ұжымына тілегін жолдады. Сонымен қоса аудан әкіміне және басқарманың гүлденуіне үлестерін қосқан басшылар мен өз әріптестеріне Жаңақала желілік өндірістік басқармасының 50 жылдығы төс белгісін тағып, алғыс хаттармен марапаттады.

Тілектер төгіліп, алғыстар жауып, әсем әндермен әрленген  салтанатты жиын спорттық ойындарға ұласты. Достық алаңына жиналған   жұртшылық    алдымен газ саласы қызметкерлерінің гір тасын көтеру, күш сынасу, арқан тартыс және  қазақ күресі сынды спорт түрлерінен сайысқа түскендеріне куә болды.    Ал түстен кейін спорт сүйер қауым Жаңақала мектеп гимназиясының спорт залына жиналып,  шағын футболдан  өткен тартысты доданы тамашалады. Орал, Индер, Шежін, Жаңақала желілік өндірістік басқармалары және Газ тарту шаруашылығы, ҚазТрансГаз аймақ, Инженерлік-техникалық орталық командалары қатынасқан дүбірлі додада қарсыластарынан айлаларын асыра білген жаңақалалық газ қызметкерлері жарыс жеңімпазы атанса, алаң иелеріне ғана есе жіберген Орал желілік өндірістік басқармасы командасы екінші орыннан көрінді. Ал финалдық кездесуде индерлік көршілерін тізе бүктірген шежіндік жігіттер жарыстың қола жүлдегері атанды. Жарыстың жабылу салтанатында барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.