5.09.2018, 16:37
Қараулар: 93
Ортақ мәселеге ой қосты

Ортақ мәселеге ой қосты

Ағымдағы жылдың   5   қыркүйегі  күні аудан әкімі Н.Қарағойшин жұмыс сапарымен Қызылоба ауылында болып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Алдымен жеке қабылдау өткізген аудан басшысы  тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, қойған сауалдарына тұшымды  жауап қайтарды. Аудан әкімінің қабылдауына аталмыш ауылдан жеті адам жазылған екен. Соның ішінде Ғ.Раушанов деген азамат ауылдан автомобиль жөндеу орталығын ашу үшін ғимарат немесе жер телімін сұрап кірсе, зейнеткер М.Еслямов:

-Алған жерлерін дұрыс пайдаланбай отырған шаруалардан жерді қайтарып алып,  қайтарылған жерлерді жерден тапшылық көріп отырған шаруаларға беру керек,-деп елге ортақ мәселені көтерді. Ал жеке қабылдауға кірген қалған тұрғындар үйіне көгілдір отын құбырын тарту, тұрақты жұмыс, жер телімін және тұрғын үй көмегін сұрау сынды  жеке шаруаларымен  келді.

Жеке қабылдаудан соң аудан әкімі Н.Қадырбайұлы ауыл тұрғындарымен дөңгелек үстел үстінде кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қысқа дайындық мәселесін талқыға салды. Жиын барысында аудан басшысы биылғы қуаңшылық аудан халқына  мал азығын жинауға көп қиындық тудырып отырғандығын айта келе, осынау қиын тұста ауданымызды мал азығымен қамтамасыз етіп, өзіндегісін өзгемен бөлісіп отырған қызылобалық шаруаларға алғысын айтты.  Сондай-ақ, биыл судың көлемі аз болғанын, дегенменде күздік судың жеткілікті екендігін де тілге тиек етті. Пікірін ортаға салған ауыл тұрғындарының арасынан К.Капуов жанар жағармайдың құны аспандап тұрғанын айтып, «Шаруа қожалықтарына арзан бағамен жанар-жағармай неге берілмейді?» деп сұрақ қойса, зейнеткер М.Еслямов аудан әкімінен көшедегі техникалық судың құбырларын ауыстыруға көмек сұрады. Н.Қарағойшин    тұрғындардың әр сауалына мәселені шешудегі заңдылықтарын түсіндіре отырып, жауап қайтарды. Жиын соңында аудан басшысы келесі жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қызылоба ауылына 12 млн. теңге қаржы бөлініп, балаларға арналған футбол алаңы салынатындығын айтса, М.Еслямов «Бірігіп елдігімізді көрсететін кез келді» деп,  туған жерге тарту жасау үшін шаруа қожалықтарын бірлікке шақырды.