17.09.2018, 16:44
Қараулар: 83
Облыстық спартакиададан олжалы оралды

Облыстық спартакиададан олжалы оралды

Жақында  Орал қаласында өткен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін Батыс Қазақстан облысының VI Халық спорты ойындары өтті. Дүбірлі дода спорттың 13 түрін қамтыды. 4 жылда бір-ақ рет өткізілетін айтулы жарысқа Жаңақала ауданының да спортшылары қатысып, жүлдегерлер сапынан көрінді.

Атап айтсақ, қазақ күресінен +100 келі салмақта Тілек Кенжеғалиев, 74 келі салмақта Дәурен Мерешов, 52 келі салмақта Гүлмира Берікқызы, 48 келі салмақта белдескен Ақбота Есентаевалар қола жүлдені қанжығаларына байлады. Ал, шағын футболдан бақ сынаған аудан командасы жүлделі II орынға ие болды. Сондай-ақ, команда мүшесі Асхат Бекқалиев жарыстың «Үздік ойыншысы» атағын жеңіп алды. Бұдан бөлек тоғызқұмалақтан Қаламхас Қонысбайқызы, қол күресінен Темірлан Хафизов, гір спортынан Кеңес Рысқалиевтар III орынды олжалады.  Ал, жазғы Президенттік көпсайыс бойынша Есенғали Бисекешов I орынды иеленсе, Армат Мерешов II орынды еншіледі. Сонымен қатар, Мақтым Хамзина, Болғанай Кенжеғалиева, Аққалам Кенжеғалиева, Әсемгүл Ақбаева, Ұлжан Сұлтанова, Арайлым Бисекеш секілді спортшылар III орынға табан тіреді.

Айта кетсек, осынау байрақты бәсекеге қатысып келген спортшыларға аудан әкімі Н.Қарағойшин құрмет көрсетіп,   алғыс хаттармен марапаттады.

Қай жарысқа барса да, жүлдесіз оралмай, аудан намысын қорғап жүрген саңлақ спортшыларымызға қашанда сәттілік серік болсын демекпіз.