14.09.2018, 16:57
Қараулар: 367
Ел жүрегін елжіреткен кеш

Ел жүрегін елжіреткен кеш

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Туған жер» бағдарламасын қолдап, елжанды, жұртын сүйген азаматтардың ұйымдастыруымен Жаңажол ауылында  «Әнім сенсің – туған жер» атты концерт өтті.

Концертке Жаңажол ауылында туып-өсіп, бүгінде Батыс Қазақстанның әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген өнер майталмандары қатысты.

Аудан көлемінде алғаш рет өтіп отырған айтулы шарада сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев (Жаңажол ауылының тумасы) өткенге ой жүгіртті.

-Жаңажол — дарабоз дарындардың, тума таланттардың, ақындар мен палуандардың мекені. Бір сөзбен айтқанда, топырағы киелі ауыл. Біз үшін  туған  жеріміздің суы мен ауасы, өзені мен көлі, тіпті желі мен дауылы да ыстық. Әманда туған жерге бас иеміз, тағзым етеміз,-деп, тебірене сөйлеген Қадырболат Қабдырұлы ұлағатты ұстаздары мен ел ағаларына, еңбек ардагерлеріне перзенттік алғысын білдірді. Концертте Қ.Мұсағалиев өз атынан ауылдастарына қолдан жасалған үкілі домбыра тарту етсе, жалпы өнерпаздар атынан 10 бүлдіршінге мектепке қажетті оқу-құралдарын, жаттықтырушы А.Ишановқа күрес күртелерін табыстады.

Мұнан кейін ауыл тұрғындары асыға күткен ән кеші  басталды. Концертке адам көп жиналды, тіпті орын жетпей, аяқтарынан тік тұрып тамашалағандар да аз болған жоқ. Жүректің қылын тербеген ән кеші жаңажолдықтардың  көңілінен шығып, аса ыстық ықыласпен өтті. Мұның себебі де жоқ емес. Көрермен көңілін әнмен тербеп, сахнаны сырлы наз, әуезді сазға толтырған әншілер Жаңажол ауылының төл перзенттері еді. Өнерпаздардың жалынды, арынды әндері де, жүректі тербер нәзік те нақышты әуендері де көрермен көкірегінің пернесін тап басып, ерекше әсер етті, әрбір орындау ұзақ соғылған қошеметпен астасып жатты.

Өнер иелерінің туған жерге, өңірге деген сағынышты сәлемімен бастау алған ән кешінде Ахан Жекеков белгілі сазгер Е.Ақбасовтың «Елге сәлем» әнін әуелете шырқаса, Гүлзада Ахметова «Арманым-ай», «Мен ғашықпын» секілді ойлы әуендерді орындады. Одан әрі Мирзада Сүндетқалиева жетекшілік ететін «Назерке» халық би ансамблі «Қара жорға» биін биледі.

Кеш барысында бұрындары ауылдағы барлық шаралардың белсенді қатысушысы болған, жиын-той, қуаныштың «хит» әншісі атанған, бүгінде Зеленов ауданы, Щапов ауылдық округінің әкімі Айтқали Әбжан ағамыз да ән шырқап, көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ, мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Роза Айтқалиева апамыз да сахна төрінен табылды. Ол  концертті ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ақжарма алғысын білдіріп, балабақшаға сыйлығын табыстап, өз өнерін паш етті. 70-ке жақындаса да қимылы ширақ Р.Айтқалиеваның билеген биіне көрермендер дүркін-дүркін қол соғып, қошеметтерін аямады.

Айта кетсек, осынау ән кешінде Айгерім Шайхиева, Ержан Әбжанов, Нурия Нұрпейісова, Эльмира Сайлаубекқызы, Айбар Хайырханов, Самал Дінғалиева сынды кәсіби әншілермен қатар, Бекжан Айтқалиев жетекшілік ететін «TimesCover» вокалды-аспаптар ансамблі де өнер көрсетіп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, тамаша кештің бастан-аяқ сценарийін жазған Ақмарал Серікқалидың еңбегі зор екені рас.

Кеш соңында аудан әкімі Н.Қарағойшин Қадырболат Мұсағалиевке, Айтқали Әбжанға, Роза Айтқалиеваға алғыс хат табыстап, кешке қатысқан бүкіл өнерпаздарға ризашылығын жеткізді. Ауылдық округ әкімі Аслан Оразалиев те туған ауылына тағзым етіп келген өнерпаздарға үлкен алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

 

Рухани жаңғыру

Басқа да мақалалар