29.08.2018, 17:02
Қараулар: 610
Спортшылар марапатталған күн

Спортшылар марапатталған күн

27 тамызда аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин спорт күніне орай ардагер спортшылар мен түрлі додаларда топ жарып жүрген жас спортшыларды қабылдады. Аудан басшысының спортшылармен кездесуіне аудандық мекеме, кәсіпорындарда қызмет атқарып жүрген ел ағалары да қатысты.

Алдымен аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қысқаша сөз сөйледі. Ол аудан атын жарты әлемге танытып, дүбірі алыстан естілген додаларда атой салған, ауылға абыройлы жеңіспен оралған ауданымыздың спортшыларына толағай табыс пен сәттілік тіледі. Қол жеткен табысқа марқайып, тоқырап қалмай және жеңімпаздықты қолдан шығармай, баянды етуге шақырды. Ауданның саңлақ спортшыларына тың табыс, спорт сайыстарында жеңіс тұғырынан бұрынғыдан да биікке көтеріле берулеріне тілек білдірді. Сондай-ақ, саңлақ спортшыларға ақжарма алғысын білдірген аудан басшысы оларға қашанда қолдау көрсететінін айтып, бір топ спортшыларды марапаттады.

Жиында Махсот Бекболатов, Жанболат Гумаров, Мырзабек Хамза сынды азаматтарға БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның алғыс хаты табыс етілді. Ал,  аудан әкімінің алғыс хатымен жас дзюдошы Мирас Қуанышқалиев, тоғызқұмалақшылар Нұрберген Түсіпқали, Інжу Қайыржанова, Аида Баймұхан, Айназ Сақтаған, Бейбарыс Жолдасқали, қазақ күресінен Жалғас Тілекқабылов, Абзал Оразғалиев, Әділет Қапсиқов, Амандық Қадыров, Рамазан Сүндетов, Санжар Ғинаятов, Райымбек Жұмағұловтар марапатталды. Сонымен қатар, 22-25 тамыз күндері Орал қаласында өткен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін Батыс Қазақстан облысының VI Халық спорты ойындарына қатысып, жеңімпаз һәм жүлдегер атанған спортшыларға да аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Оларды атап айтсақ, шағын футболдан қатысқан аудан командасының мүшелері, соның ішінде «Үздік ойыншы» атанған Асхат Бекқалиев,  қазақ күресінен Тілек Кенжеғалиев, Дәурен Мерешов, Гүлмира Берікқызы, Ақбота Есентаева, жазғы Президенттік көпсайыс бойынша Есенғали Бисекешев, Армат Мерешов, Мақтым Хамзина, Болғанай Кенжеғалиева, Аққалам Кенжеғалиева, Ұлжан Сұлтанова, Арайлым Бисекеш, гір спортынан Кеңес Рысқалиев, қол күресінен Темірлан Хамзиев, тоғызқұмалақтан Қаламхас Кариналар еді.

Кездесу соңында ардагер спортшы Есенғали Бисекешов спортшыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсет аудан әкімдігіне ризашылығын жеткізді.

Жиын соңы естелік суретке түсуге ұласты.