10.09.2018, 17:06
Қараулар: 403
Жаңа алаң ел игілігіне берілді

Жаңа алаң ел игілігіне берілді

2 қыркүйек күні Жаңажол ауылдық округінде жаңа спорт алаңы ашылды. Игі іс мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы  аясында жүзеге асты.

Алаңның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин:

-Салауатты өмір салтын қалыптастыруы арқылы спорттың бұқаралығын қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Елбасының сындарлы саясатының негізі — адам және оның денсаулығы. Спортпен шыныққан жас ұрпақ қоғамның басты байлығы екені анық. Жаңажол ауылы жастарының болашағы жарқын, келешегі кемел, спорттағы жеңістері көп болсын!-дей келе, ауыл тұрғындарын спорт алаңының ашылуымен құттықтап, жасөспірім спортшыларға сый-сияпат ретінде бірнеше доп табыстады. Мұнан кейін «Айдархан» ЖШС-нің директоры Серік Қайырбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

Спорт алаңының құрылысына бюджеттен 8 млн. 200 мың теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Стартстройсервис» ЖШС-і  (басшысы С.Сертеков) жүргізді.

Шарада аудан басшысы Н.Қадырбайұлы мен «Айдархан» ЖШС-нің директоры С.Қайырбекұлы салтанатты түрде жаңа спорт алаңының лентасын қиды.

Нақ осы күні аудан әкімі Н.Қарағойшин облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген жаңажолдық жас палуандарға  алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.

Ал, Жаңажол ауылдық округінің әкімі А.Оразалиев спорт алаңын уақытында салып берген «Стартстройсервис» ЖШС-нің басшысы С.Сертековке өз ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Салтанатты ашылудан кейін жаңа алаңда шағын футболдан мектеп оқушыларының арасындағы дүбірлі доп додасы басталып кетті.