7.09.2018, 17:14
Қараулар: 191
Мәстексайда спорт алаңы ашылды

Мәстексайда спорт алаңы ашылды

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Жаңақала ауданында биыл бірнеше спорт алаңдары салынып, халық игілігіне берілмекші. Биылғы жоспар бойынша бұл жоба үш ауылдық округте жүзеге аспақ. Сөйтіп, сол елді мекендердің жастары бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

Алғашқы спорт алаңы 29 тамыз күні Мәстексай ауылдық округінде ашылды. Айта кетсек, спорттық нысанды мердігер «Бигналиева» жеке кәсіпкерлігі салып, дәл мерзімінде аяқтап, пайдалануға берді. Жобаның құны  7 млн. 634 мың теңге.

Алаңның салтанатты ашылу рәсімінде алғаш болып сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин:

– Салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы спорттың бұқаралығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Елбасының сындарлы саясатының негізі – адам және оның денсаулығы. Спортпен шыныққан жас ұрпақ қоғамның басты байлығы. Спорттық бәсекелерде биік  тұғырлардан көрініп жүрген Мәстексай ауылы жастарының жеңісті жолы өз жалғасын табады деген сенімдемін,-дей келе, ауыл тұрғындарын жаңа спорт алаңының ашылуы және Конституция күнімен құттықтап,  жасөспірім спортшыларға сый-сияпат ретінде бірнеше доп табыстады.

Одан кейін сөзді жалғаған еңбек ардагері Нұрлан Ғалымжанұлы, қазақ күресінен облыстық «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы Амандық Қадыровтар жастарды білімді, білікті, талапты болуға шақырып, көпшілікке ақжарма тілектерін арнады.

Мұнан соң аудан басшысы Н.Қадырбайұлы мен Н.Ғалымжанұлы салтанатты түрде жаңа спорт алаңының лентасын қиды.

Іле-шала жаңа алаңда шағын футболдан ауыл жастарының жарысы басталып кетті.

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.