26.09.2018, 10:17
Қараулар: 355
Жаңақалалықтар салауатты өмірді қолдайды

Жаңақалалықтар салауатты өмірді қолдайды

Сенбілік таңды жаңақалалықтар «Денсаулық» фестивалімен бастады. «Денсаулық сандарына жет!» ұранымен өткен дәстүрлі фестивальге шамамен 200-ге тарта ауыл тұрғындары қатынасып, көпшілік жүгіру өткізді. С.Бабажанов көшесінен бастап жүгірген ауыл тұрғындары «Жеңістің 30 жылдығы» және «Халықтар достығы» көшелерімен жүгіріп өтіп, «Достық» алаңына жиналды.  Орталық алаңда еліміздің Әнұраны орындалып, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин айтулы жиынға жиналған аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Фестиваль барысында аудан жастары флешмоб ұйымдастырса, аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары әннен шашу шашты. Концерттік бағдарлама одан әрі спорттық ойындарға ұласты. Денсаулық күніне жиналған жастар мен үлкендер арқан тартыс, гір тасын көтеру, асық ату сынды ұлттық ойындардан сайысқа түсті. Гір тасын басынан 18 рет асырған М.Сисенов үшінші орынды жеңіп алса, 20 рет көтерген С.Жұмағұлов жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал 24 келі гір тасын 32 рет көтеріп, қарсыластарынан басып озған А.Әділғалиев жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар,  арқан тартыста ауылдастарымыз ерлерге тән мәрттік танытып жеңісті балабақшаның әйел адамдарынан құралған командасына қолдан беріп, күміс және қола жүлдені аудандық аурухана ұжымы мен аудандық әкімшілік ұжымы өзара бөлісті. Ал мергендікті қажет ететін асық ату ойынында  Н.Бақтығалиев жүлделі бірінші орынды иеленсе, Д.Ергенұлы екінші орынды, А.Есенболат үшінші орынды місе тұтты.

Сондай-ақ,  халық денсаулығын нығайтуды мақсат тұтқан фестиваль аясында «Денсаулық қалашығы» құрылып, фистивальге жиналған ауыл тұрғындары білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгініп қана қоймай, сонымен бірге артериялық қан қысымдарын өлшетіп, оның құрамындағы қант пен холестерин сынды тағы басқа көрсеткіштерін анықтады. Шара соңында аудандық орталық аурухананың директоры  Ш.Сарсенғалиев сөз алып,  дәстүрлі шараға белсенді қатынасқан  барша ауыл тұрғындарына алғысын білдіре отырып, спорттық ойындардың жеңімпаздарын арнайы дипломдармен марапаттады.