20.09.2018, 10:20
Қараулар: 148
Бесік те ұлттық құндылықтардың бірі

Бесік те ұлттық құндылықтардың бірі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғы шартына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын.

Ия, рухани жаңғыру ұлттық дәстүр мен ғұрпынан жеріну емес, соны бүгінгі тәрбиеге арқау ету, үйлесімді дамыту, жетілдіру. Елдің жарқын болашағын жасайтын білімді, тәрбиелі жастар екені даусыз. Олай болса сол тәлімді тәрбие қайдан бастау алып, қалай жалғасады? Тілін, дінін қадірлейтін ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Осыған ой жүгіртейік.

 

Бесіктен неге безіндік?

«Тәрбие – тал бесіктен басталады»  дейді халық даналығы. Бесік – сәбидің қаз басып жеткенше бөленетін ағаш төсегі.

Қазақ төрт түлігін бағуды кәсіп еткен, соның өнімін нәсіп еткен халық. Малына жазда шұрайлы жайылым, күзде шүйгінді күзеу, қыста ықтасынды, отты жер іздеп, үнемі ат үстінде, көшіп-қонумен ғұмыр кешті.

Әйелі көш ішінде босанып, баласы бесікте жатып өсті. Қазір жылы үйде өсіп жатқан сәби үп еткен желге ықылық атып қалады. Сол кездегі сәбилерді суықтан сақтаған бесік екенін бүгінгі ұрпаққа ұғындырудың өзі қиын.

Бұрын малсыз, дүниесіз үй болса да бесіксіз үй болған жоқ. Сәбиі есейіп кеткен үйдің бесігі көшсе түйенің қомында, қонса шаңырақта ілулі тұрды. Бесіктің ағашын отқа жақпады, үстінен аттамады. Бесікті ең құнды дүниесі санады. «Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» деген халық даналығы осының дәлелі еді. Өйткені ол – киелі, онда ана құрсағынан жарып шыққан сәбиі жатып өседі. Ата-ана үшін сәбиінен артық не бар? Сол үшін де бесік қастерлі еді.

Бүгін ше? Әр үйдің төрінен бесік көре аламыз ба? Жоқ!

-Бесік? Ол неге керек? Баланың қол-аяғын байлап…Манеж бен қоларба бар емес пе? Еркін жатады…

Бұл бүгінгі кейбір жас келіндердің сөзі. Себебі, бесік жайлы түсінігі сол, ұғындыратын кісі болмағасын қадірін қайдан білсін?

-Бесікке не жетсін! Жылы, таза, аунап кетеді деп қорықпайсың, қауіпсіз. Емізіп, байлап тастап, алаңсыз жұмысқа кетуші едік… Қарт әжеміз бесікке шаң жуытпайды. Өйткені, ол бар баласын бесікпен өсірді. Бесіктің пайдасын көріп, құндылығын ұғынған жан. Бесіктегі сәбиіне исініп отырып, бесік жырын  талай айтып еді…

Бұрын бесікті қадір тұтпайтын қазақ жоқ-ты.

Кешегі одақ кезінде бесікті ескінің қалдығы деп қарап, «жаңа қазақтар» «зияндылығын» көбірек насихаттады.

Бүгінгі манеж бен қоларбаның тұрмысымызға көбірек еніп, бесіктің керексіз болып қалуы соның арқасы.

 

Бесіктің орны бөлек

Ол біріншіден, сәбиге жайлы да жылы. Мұқият құндақталған сәби ашылып қалмайды. Тербетуге өте ыңғайлы, мамық төсегі аса жайлы.

Екіншіден, сәби дәреті жаялығына жайылмайды. Шүмегі арқылы түбегіне ағып кетеді. Сондықтан, сәби қанша жатса да төсегі құрғақ, жайсыздық сезінбей тыныш ұйықтайды. Қолы ораулы болғандықтан оқыс қимылдап, шошынбайды.

Бүгін ше? Бесіктің қасиетін білмеген еріншек келіндер балаға памперс кигізіп, манежге жатқыза салады. Қанша мақтаса да, памперс киген сәбиде жайсыздық болады. Неге? Нәрестенің терісі өте нәзік, сыртқы ортаға бейімделіп үлгермеген,  түрлі химиялық, биологиялық әсерлерден тез қабынып, бөртеді, қышынып тынышсызданады.

Нәресте памперске кіші дәретті жібергенде, оның ыссылығынан денесі қызып, температурасы көтеріледі. Памперске сіңген дәрет суынғанда сәби денесі де суынады. Нәресте ағзасындағы бұл өзгеріс  оның дамуына жағымсыз әсер етпей қалмайды. Ғалымдардың айтуынша ұл баланың табиғи бел қуатына кері әсері болады екен.

-Памперс деген отқа жанбайтын, суға батпайтын бір пәле екен. Қайда барсаң да торсиып жатқан памперс,-дейді бір ағамыз. Расы сол ғой.

Дәрет толып, ісінген памперс сәбиге жайлы деп кім айта алады.

Манежде жатқан нәрестенің қолы мен аяғы бос. Өз қозғалысынан өзі шошынып, ұйқысын бұзады. Қалай дегенде де бесіктің орны бөлек-ті.

 

«Бесік жыры қара тасты ерітер»

Бұл да халық даналығы. Бесік жыры десе:

Айналайын, бөбегім,

Аймалаймын, өбемін.

Азамат боп өссін деп,

Ақ бесікке бөледім.

Әлди,әлди, әлди-ай…- деп, немересі бөленген ескі ағаш бесікті сықырлата тербетіп, бесік жырын ақырын айтып отыратын әжем көз алдыма келеді.. Жаным мұңға оранады.

Ана тілінің өлшеусіз құдіреті осы бесік жыры арқылы санамызға сіңбеп пе еді? Бесік жырын тыңдау қандай жағымды, әсерлі. Бесік жырының құдіреті жайлы ел ішінде мынадай бір ғибратты аңыз бар. Ертеде бір зұлым патша қанша шаттанып өмір сүргісі келсе де, еңсесін езген белгісіз дерттен айыға алмапты.

Ән-күй тыңдасам айығармын деген үмітпен айналадағы атақты әнші-күйшілердің бәрін жинапты. Бірақ бірде-бір әуен патшаның шер қатқан жүрегін жібіте алмайды. Дертінен айыға алмаған әмір әншілердің бәрін зынданға тастатады. Сол кезде бір әншінің анасы келіп, ұлын босатуды сұрапты. Ашулы патша:

-Ұлыңның әні жүрегімді жібіте алмады. Шерім қашан тарқайды, сонда босатам,-дейді. Қапалы ана ыңылдап бесік жырын айтқан екен. Тыңдаған сайын әміршінің жүрегі жұмсара береді. Ақырында анадан туғандағы періште сәби шағы есіне түсіп, еңіреп жылайды. Дертінен айығып, қамаудағының бәрін босатыпты дейді. Әрине, бұл аңыз.

Әйтсе де бесік жырының әсерлілігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бесік жырының құдіретін ғалымдар зерттеп дәлелдеуде. Мысалға, психоневрология институтының негізін қалаушы академик Владимир Бектерев «бесік жыры невроз ауруының алдын алады» десе, психолог Виталий Леутин бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртысындағы нейрондардың  дұрыс дамуына себеп болады дейді.

Бесік жырын тыңдап өспеген бала тез ашуланғыш, ойлау қабілеті төмен, жалқаулыққа бейім, аурушаң  болатынын да ғалымдар дәлелдеуде.

Бүгінгі манеж шайқаған әжелер мен  аналар осындай құдіретті бесік жырын дұрыс айта ала ма? «Ия» деу қиын.

Жақында бір жас ананың манеждегі сәбиін «поросеногім, медвежоногім менің» деп айналып отырғанын естідім. Сұрап көрсем өзі де бесік жырын тыңдап өспеген екен. Жас ананың нәрестесін сонша жақсы көретіні көрініп тұр. Бірақ манағы одағай сөздердің бесік жырындай әсерлі емесі анық, оны тыңдап өскен сәбиінің қандай тәрбие алатынын кім білсін.

Рас, қазір бесік жырын бұрынғы әжелеріміздей исіне айтатындар азайды. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта білмейді. Содан қорқам.

Менің қазіргі келіндерім бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқам…» деген еді.

Бесік жыры — өте маңызды тәрбие құралы, ұлттық құндылығымыздың бірі. Ол сәби бойына мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дарытады, бала ана тілінің нәрін ұғынып, мағыналы, мәнерлеп сөйлеуге үйренеді. Ана тілін сүйеді, ұлтын, Отанын сүйеді. Бізге керегі осы емес пе? Олай болса баланы бесіктен бөліп, бесік жырын тыңдатпай, рухани азығынан айырмайық, ағайын!

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.