11.10.2018, 12:07
Қараулар: 850
«Ауыл кітапханаларының фестивалі» Жаңақалада жалғасын тапты

«Ауыл кітапханаларының фестивалі» Жаңақалада жалғасын тапты

26 қыркүйек күні Рухани орталық ғимаратында «Ауыл кітапханаларының фестивалі» облыстық жобасы аясында Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Ел. Кітап. Рух» атты шарасы өтті.

 Шараға аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали,  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Еслямғалиева,  Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Ш.Оразаева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры З.Өтешева және барлық аудандық, ауылдық кітапхана қызметкерлері қатысты.

Ауылдық кітапханада жүзеге асырылатын жаңа креативті жобаларды, ауыл кітапханашыларының шығармашылық жетістіктерін анықтау, іс-тәжірибе алмасу, алдыңғы қатарлы технологияларды, инновацияны батыл игеру, кәсіби қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған фестиваль Жаңақала ауданына да келіп жетті. Эстафетаны аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі жаңашыл бағдарламалары, заманауи форматтағы  қызметтері, тың жобаларын таныстыру арқылы өте жоғары деңгейде жалғастырды деп айтуға болады.

Аудан әкімінің орынбасары бастаған топ қонақтарды аудан шекарасынан қарсылап, ақ ұсынып, «Тастөбе шайқасы» ескерткішімен таныстырды.

Аудан орталығына табан тіреген қонақтар аудандық кітапхананың «Дауыстап оқу бұрышы» жобасының хабарламасы радио торап арқылы жүріп тұрғандығын естіді.

Облыстан келген қонақтарды Қ.Жантілеуов атындағы саз мектебінің домбырашыларының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қарсылап, Абай ескерткішіне мәслихат хатшысы З.Сисенғали мен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Ш.Оразаева гүл шоғын қойды.

Кітапхана  — білім мен ғылымның қасиетті ордасы десек, артық айтқандық емес. Кітаптың иісі мен тыныштық жайлаған осындай кітапханалар – кітапсүйер қауымның сүйікті мекені, сол сүйікті мекенге барша қонақтар мен оқырмандар саяхат жасады.

Шарада Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбе-бап-ғылыми кітапханасының «Өткенді сақтай отырып, келешекті қалыптастырамыз»  biblio десант жобасы, «Атадан қалған асыл мұра» инсталлиялық  кітап көрмесі, кітапханашы мамандарға арналған құралдар жәрмеңкесі, кітап көрмелері, тынығу орындары, қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен және дәстүрінен сыр шертетін этно-ауыл, көне жәдігерлермен топтасырылған шағын музей, өнер, балалар бөлмесімен, компьютерлік кабениеттерімен, «Жаңақала — күй Астанасы», «Өлкетану» бұрыштарын тамашалап, кітапхананың тұрақты оқырманы, ұстаз А.Аманқызының шәкірттерінің дайындаған поэзияларын, қуыршақтар қойылымын, аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесіне қарасты ауыл кітапханаларының мерекелік көрмесінің таныстырылымының куәсі болды. Сондай-ақ,  «Бір ауыл — бір отбасы» кітапханалық жобасы аясында отбасындағы құндылықтарымызды сақтай отырып, біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап, ата-заңына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді. Сол бір салтымыздың бір тармағы «Жеті ата» деп аталатын дәстүрді туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігін бұзбауды насихаттау бағытындағы «Жеті ата» көрінісі, «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітап көрмесін тамашалаумен жалғасын тапты. Сондай-ақ әжелеріміз құрақ көрпенің мән-маңызын түсіндіріп өтсе,  аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Д.Мұқашева «Құрақ көрпе» акциясын жалғауды Тасқала аудандық орталықтандырыған кітапхана директорына ұсынды.

Одан әрі жалғасқан әдеби-сазды кеште аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Ш.Оразаева мен Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры З.Өтешева құттықтау сөз сөйлеп, тілек білдіріп, жобаның мақсаты жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, аудан әкімінің және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры атынан алғыс хаттармен  Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Ш.Оразаева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының  директоры З.Өтешева, зейнеткер Ж.Зұлқашева, А.Шарафутдин, А.Сапарова, М.Құспанғалиев, А.Тұрмағамбетова, Ү.Салиева, Р.Рысқалиева марапатталды.

Кітап – рухани құндылық, баға жетпес байлық. Шығыстың жеті жұлдыздарының бірі Әлішер Науаи «Кітап — ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген еді. Бірақ, бүгінгі қоғамның Науаи айтқан алтын қазынаны, ақпаратына ақы сұрайтын интернет желісіне айырбастап, кітап оқуға құлықсыз өмір сүріп жатырғанымыз шындық. Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз не болмақ? Сол себепті жастарды кітап оқуға тарту мақсатында кітапханашылар қауымы түрлі әдіс-тәсілдерді қолға алып, сан түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осы орайда аудандық кітапхана орталықтандырылған кітапханалық жобаларының таныстырылымдардарын видеороликтер арқылы көрсетті.

«Библио такси» кітапханалық жобасын аудандық орталықтандырылған кітапхана меңгерушісі З.Жардемова, «100 оқырман, 100 ой, 100 пікір» кітапханалық жобасын аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі А.Өтеева, «1001 маржан» кітапханалық жобасын аудандық орталықтандырылған кітапхананың  кітапханашысы А.Нұрғалиева, аудандық  орталық кітапхана кітапханашысы Р.Бисенбиева «Бір ауыл — бір отбасы» жобасын назарға ұсынды.

Шара барысында ұсынылған жоба аясында, кітапхана оқырмандары күмбірлетіп күй тартса, әуелеген әуезді әнді қосыла шырқап, «Қара жорға» биін билеп бір сергіп алды. Сондай-ақ, жергілікті ақын З.Сисенғали ағамыздың «Өткен күнде белгі бар…» атты кітабының тұсауы кесіліп, З.Сисенғалидің сөзіне жазылған «Оралым» әнін мәдени-демалыс  орталығының әншісі Қ.Айдарбеков орындаса, аудандық балалар кітапханасының үздік оқырманы Р.Рысқалиева «Х.Есенжановқа арнау» атты өз туындысын оқып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Кітапхана — интернет кеңістігінде» аудандық кітапхана сайтының презентациясы ұсынылды.

Шара соңында қорытынды сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дина Даниярқызы бүгінгі шараға  ат салысқан қызметкерлеріне, көрермен қауымына, шаралардың үнемі басы-қасында жүретін тұрақты оқырмандарына алғысын білдіріп, келесі жалғасын табатын «Ауылдар кітапханаларының фестивалі» облыстық жоба статуеткасын Тасқала ОКЖ директорына табыстап, сәттілік тіледі. Шара Т.Бисенғалиевтің «Сәлем, байтақ елім!» әнімен қорытындыланып, қонақтар ұйымдастырған көрмелерге тәнті болып, шарадан жақсы әсер алып, баршасы жақсы көңіл-күймен тарқасты. Фестиваль аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасаумен  өз мәресіне жетті.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар