3.10.2018, 15:56
Қараулар: 549
Туған ауылына қақпа орнатты

Туған ауылына қақпа орнатты

Жақында Көпжасар ауылдық округінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан тағы бір игі істің куәсі болдық. Аталмыш округте Д.Нұрпейісова орта мектебін 2008 жылы бітірген бір топ түлектердің  демеушілігімен ауылдың  іргесіне қақпа тұрғызылды. Ал 2 қазан күні ауыл тұрғындарының қатысуымен қақпаның ресми ашылу салтанаты болып өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ж.Сәкенұлы игі іске ұйытқы болған ауыл жастарына ризашылығын білдіріп, елге пайдасын тигізу үлкен жүректі азаматтардың ғана қолынан келетінін тілге тиек етті. Бұдан кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжан Салауатов сөз алып, ауылдың болашағы – ұлтжанды жастардың қолында екенін әңгімелеп, туған жер, дала жөніндегі ақындар жырларын тебірене оқып берді.

Одан әрі бас қақпаның лента қию рәсімі еңбек ардагері Сидағали Қойшығалиев пен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сәкенұлына ұсынылды.

Бұл күні Көпжасар жұртшылығының қуанышында шек болмады. Кіреберіске орнатылған қақпа ауылдың сәнін келтіріп, елдің елдігін көрсетіп тұрғандай.

Шара соңында Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу ауылдың кіреберіс қақпасын орнатып, ел игілігіне берген азаматтарға арнайы ақжарма алғысын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Жаһандану заманында жомарттық танытып, туған ауылының гүлденуі үшін, қолда бар қаражатын аямаған 2008 жылғы мектеп түлектеріне  жерлестерінің алғыстан басқа айтары жоқ. Қысқасын айтқанда, оларға ауыл тұрғындары дән риза.