5.10.2018, 16:17
Қараулар: 140
Атакәсіптің ахуалы қандай?

Атакәсіптің ахуалы қандай?

Жаңақала ауданының жері жартылай шөлейтті, биылғыдай қуаңшылықтар жиі қайталанып отырады. Осыған орай аудан халқының атакәсіп – мал өсірумен айналысуға ғана мүмкіндіктері бар.

Ал, сол атакәсіптің бүгінгі ахуалы қандай? Өткенімізді ескеріп, бүгінгі жайымызды сараласақ, алдағы дамуымызға бағдар айқындалары анық.  Олай болса, ой жүгіртіп көрейік.

 

Мал басы көп пе, аз ба?

Жаңақала ауданы бойынша 2018 жылдың 1 шілдесінде 59329 бас сиыр, 219561 бас қой мен ешкі, 23504 бас жылқы, 914 бас түйе есепке алынды.  Өткен 2017 жылмен салыстырғанда сиыр саны 4253 басқа, қой мен ешкі 71 басқа,  жылқы 1730 басқа көбейіп, түйе саны 20 басқа кеміді. Түйеден басқа түлік өсіп келеді. Көп пе, аз ба?

Қолымызға түскен бір деректерде 1899 жылы Қамыс-Самар қисымында 40 мыңдай адам, 60-70 мыңға дейін сиыр, 300 мыңға дейін қой мен ешкі, 30 мың жылқы, 21 мың түйе болған екен.

Сол қисымның орнын басқан Жаңақала ауданындағы мал басын жоғарыда келтірдік. Сиыр саны күні бүгін сол кездегі көрсеткішпен шендесіп қалыпты. Соңғы жылдары айтарлықтай өсе бастаған жылқы саны да енді аз жылда асып кетпесе де жетіп қалары байқалады.

Қой саны сол кездегіден 80 мыңдай кем. Оған жеткізу мүмкіндігі де жоқ емес, бірақ қазір бұл түлік санын бұдан әрі өсіру тиімді ме, жоқ па деген сұрақ туындап жүр.

Ал, түлік төресі – түйе саны сол кездегінің қазір 4,4 пайызын ғана құрайды, яғни 20 мыңға азайып отыр. Саны жыл сайын кеміп келе жатқан бұл түліктің енді осы саны да сақталып қалуы қиын сияқты.

 

Мал өсіруге не кедергі?

Жаңақала облыс бойынша малды аудандардың бірі саналады. Десе де бұл саланың аудан жағдайында өз қиыншылықтары да жоқ емес.  Тарқатып айтайық.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің берген мәліметі бойынша ауданның жалпы жер көлемі 2,7 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығының жер көлемі 1,9 млн. гектар. Бұл жердің күні бүгін 1,4 млн. гектары пайдаланылуда. 346 мың гектар, яғни 24,7 пайызы игерілмей отырған  құм өңіріндегі жайылым.

Құм өңірі неге игерілмейді? Басты себебі – судың жоқтығы.

Бұрын, өзендердің бастауындағы елдер су қоймаларын салғанға дейін тасыған су арналарымен еркін ағып, аудан жеріндегі өзен, көлдерге құйылатын. Кейінгі жылдары жоғарыдағы су қоймаларының көптігінен  аудан көлдеріне қажетті мөлшерде су түспейтін болды.

Қараөзен мен Сарыөзенге сатып алып түсірген су қасқалдақтың  қанындай  ғана. Алып Қамыс-Самар жайылымы мен сансыз көлдері су түспегесін құрғап қалды.

Қуаңшылық жылдары мал азығы тарықтырған қыста 2-3 ауданның малын аман алып шығатын Қамыс-Самардың жайы қазір осындай.

Құрғаған көлдердің балығы қырылып, аңы мен құсы ауып, құдық шығатын  жерасты суы да қашып, малға қоныс болудан қалды. Шөбі болса да суы жоқ құм өңірінің игерілмеуі содан.

Судың тапшылығынан қазір Салтанат көлдері де кеуіп кетті.  Көпжасар ауылдық округінің терең жайылымдарына қазір су бармайды. Бірлік ауылдық округінің де алыс жайылымдарына дейін қазылған каналдарға су жетпейді. Сусыз жайылым қоныс бола ма?

Биыл су жеткілікті мөлшерде келді ме? Бұл сұраққа  аудандық су шаруашылығындағылар жауап бере алмады.

Олардың айтуынша биыл 182,46 млн. текше метр су алынып, өзен, көлдерге, суармалы көлтабандарға берілген екен. «Дөңгелек» су қоймасында  да су қоры ең төмен деңгейде тұр. Күні бүгін кей округтерде су тапшылығы сезіле бастады.

Мал шаруашылығын дамытудағы басты қиындық осы.

Екінші қиындық – малшы мен механизаторлардың тапшылығы.

Үшінші қиындық  – жиі болатын қуаңшылық жылдарындағы мал азығының тапшылығы. Аудан бойынша 48350 гектар лиманды суармалы жер бар. Оның 43000 гектарына су шығады. Су шыққан лимандар гектарына 8 центнерге дейін өнім берсе, қырлық гектарына 4-5 центнерден артық өнім бермейді. Өнімді молырақ беретін лимандар да судың молырақ түсуіне тәуелді. Мал азығының берік қорын жасау үшін лимандарға жеткілікті деңгейде су берілуі керек. Және лимандарды тиімді пайдалануды жүзеге асыру керек.

 

Асыл тұқымның артықшылығы мол 

Нарық заманы қай істің де тиімділігін, саны емес, сапасы болуын көздейді. Мал  шаруашылығы да солай. Мысалға, жергілікті үш сиырдың беретін сүтін  асыл тұқымды бір сиыр береді.  Үш сиыр өсірген тиімді ме, бір сиыр өсірген тиімді ме? Әрине, бір басты бағу жеңіл саны емес, сапасы дегеніміз осы. Сондықтан, соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруге баса назар аударылып отыр. Бұл іске үкімет те қолдау көрсетіп, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыс Жаңақала ауданында да жүйелі жүргізіліп келеді. Күні бүгін асылтұқымды малдың үлесі сиырда 10 пайызды, қойда 11 пайызды, жылқыда 8 пайызды құрайды. Әрине, асыл тұқымды малдың үлесі әлі де аз. Көбейту үшін жұмыстану керек.

«Сыбаға» бағдарламасымен ауданда 2016 жылы 369 бас, 2017 жылы 747 бас, биылғы жылы 701 бас сиыр, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2016 жылы 179 бас, 2017 жылы 1384 бас, 2018 жылы 95 бас қой, «Құлан» бағдарламасымен 2016 жылы 15 бас, 2017 жылы 9 бас, 2018 жылы 42 бас жылқы сатып алынды.

Асыл тұқымды бұқа алу ағымдағы жылы аудан бойынша 263 бас орнына 308 бас алынып, 118 пайызға орындалды.

Аудан бойынша 15 ауыл шаруашылық өндірістік кооператив болса, оның 12-сі тұқымдық түрлендіруге 2058 бас аналық сиыр, 96 бас асыл тұқымды бұқамен қатысуда.

Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері мемлекет тарапынан мал шаруашылықтарын қолдау үшін берілетін субсидия мен басқа да мемлекеттік бағдарламаларға тиісті деңгейде қатысып келеді. Атап айтсақ, 2017 жылы ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары 507,9 млн. теңге субсидия, 780 млн. теңге несие алса биылғы жылы бүгінге дейін 398 млн. теңге субсидия, 420,1 млн. теңге несие алуға қол жеткізді.

Сол сияқты ауданда ауыл шаруашылық техникаларын алуда да жүйелі  жұмыс бар.  2016 жылы аудан  бойынша 42  ауыл шаруашылық техникалары (17-і трактор) алынса, 2017 жылы алынған 66 ауыл шаруашылық техникаларының 24-і трактор болды. Биылғы жылы бүгінге дейін 72 ауыл шаруашылық техникалары (20-ы трактор) жаңадан алынды.

Аудандық статистика басқармасының жинақтаған  мәліметіне сүйенсек, мал шығыны да бұрынғы жылдарға қарағанда көп азайған. Мысалға, 2018 жылдың алты айында аудан бойынша 9 сиыр, 605 бас қой мен ешкі, 27 жылқы ғана шығын болған. Бұл қазіргі сиырдың 0,01 пайызы, қой мен ешкінің 0,27 пайызы, жылқының 0,1 пайызы.

Бұл көп деуге келмейді. Әрине, шығын болмаса жақсы, бірақ  көп малдан шығын болатыны да заңды құбылыс.

Ал, малдан алынатын өнімдер – ет, сүт, жүн жоспары орындалып келеді.

Міне, Жаңақала ауданындағы атакәсібіміздің бүгінгі ахуалы осындай. Жоғарыда келтірілген кедергілер азайса, ауданда мал шаруашылығының ахуалы жаман болмайды.

 

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.