15.10.2018, 16:31
Қараулар: 370
Кәсібінің кәнігі шебері

Кәсібінің кәнігі шебері

Ортамызда елеусіз жүріп нәтижелі еңбек ететін, өз қызметі саласының дамуына қомақты үлес қосса да соған лайық құрмет сұрамайтын аса қарапайым жандар болады. Солардың бірі – Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің жоғары санатты оқытушысы Шуақбаева Гүлбар Тұрланқызы.

Арамызда жүрген Гүлбарды жерлестері  күнде  көреді, жылы тілдеседі, сол арқылы кісілігі мол, ибалы жан екенін аңдайтын да шығар. Бірақ ауылдастарының дені оның кәсіби ісінің жетістіктерінен бейхабар екені де даусыз. Өйткені ол мақтануды жаны қаламайтын, сырын сыртқа шаша бермейтін тынымсыз еңбекқор жан. Гүлбар атақ іздеп, құрмет сұраған емес, жемісті ісіне орай атақ пен абырой оны іздеп, адал еңбегі құрметке бөлеп келеді.

Гүлбар Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келді. Отбасының қоныс аударуына байланысты орта мектепті Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылынан бітірді.

Отбасынан өнерге тәрбиеленген талантты жас алдымен Атырау мәдени-ағарту училищесінің қобыз сыныбын үздік бітірді. Кейін Дәулеткерей атындағы өнер институтын домбыра сыныбының мұғалімі, халық аспаптар оркестрінің дирижері мамандықтары бойынша үздік тамамдады. Бертін келе Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Индер аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастады. Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылындағы Саралжын клубының меңгерушісі, Д.Нұрпейісова мектебінде оқытушы, мектеп директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2001 жылдан бері Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінде домбыра сыныбының жоғары санатты оқытушысы.

Әңгіме Гүлбар Тұрланқызының қандай қызмет атқарғанында емес, қай істі атқарсада жауапкершілікпен адал атқаратыны, түпкі нәтижеге қол жеткізетіні жайлы болуы керек.

Ұстаз еңбегі шәкірттеріне берген ұлағатты білімімен, жеткен жетістіктерімен өлшенеді. Олай болса Гүлбардың тәлімін алған шәкірттерінің жетістіктеріне тоқтала кетелік.

2016 жылы сыныбындағы Қ.Ғалымжанова мен М.Қанатов «Жыл өнерпазы» дипломымен марапатталса, сол жылғы сегізінші халықаралық «Ғұмырдария» байқауында М.Қанатов пен Е.Талапқалиев 1-орынды, Ж.Сағынова 3-орынды иеленді.

«Дала дарыны» республикалық байқауында Қ.Ғалымжанова бас жүлдені және дуеті де бас жүлдені иемденді.

Сол 2016 жылғы «Күй анасы Дина» республикалық  байқауында да Г.Ғиниетолла бас жүлдені, А.Қасымов бас жүлдені, І.Жеткербай бірінші орынды жеңіп алды.

Павлодар облысында өткен «Күй құдыреті» республикалық байқауында да екі шәкірті бас жүлдеге ие болса, екі шәкірті дипломмен марапатталды.

Тере берсек сан түрлі байқауға барып, қанжығасы құр қайтпаған шәкірттері көп-ақ. Мұның бәрі Гүлбар Тұрланқызының еңбек жемісі.

Гүлбар шығармашылықпен жұмыстанатын ұстаз. Ол «Күй анасы» атты әдістемелік оқулықтың  авторы. Оның «Күй алыптарының шығарған, орындаған күйлерін саз мектебінің бағдарламасына енгізу» атты авторлық бағдарламасы «Жайық ұстазы»  газетінде жарияланды.

«Өнерлі өрендер ұшқан ұя» атты музыка мектептеріне арналған саз мектебінің әдістемелік жинағын құрастырды. «Тарихымыз күймен жазылған» авторлық бағдарламасын да оқырманы жылы қабылдады. Айта берсек, оның мұндай шығармашылық жұмысы да бір түйеге жүк боларлықтай. Осындай еңбектеріне сай марапаттаулары да аз емес. Мысалға, 2014 жылы «Білім көшбасшысы» медалі, 2010 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай мерекелік төс белгі, Мәдениет Министрінің құрмет грамотасы, жыл сайынғы облыс, аудан әкімінің, салалық басшылардың Алғыс хаттары, аудандық, облыстық «Жыл адамы» Құрмет тақтасына суреті ілінуі,  2018 жылы «Ақжайықтың асыл арулары» жинақ кітабына енуі, тағысын тағылар.

Гүлбар өз кәсібінің үздігі ғана емес, отбасында ата салтын ұлықтап, ғұрып-дәстүрді сақтаған ибалы келін, жақсы жар, асыл ана. Жолдасы Аян Жаңақала гимназиясында мектеп директорының шаруашылық  жөніндегі  орынбасары, үлкен ұлы университетті үздік бітіріп, мамандығы бойынша Пятимар мектебінде ұстаздық етуде. Кіші ұлы Аманай университеттегі үштілділік бөлімде грантпен оқиды.

Міне, «ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген, мұндай еңбекқор жанның шәкірті шалымды, ұлдары ұлағатты болмауы мүмкін бе?