24.10.2018, 17:17
Қараулар: 105
Делегаттар сайланды

Делегаттар сайланды

23 қазан күні  Жаңақала ауданында «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалының кезекті XXI есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Алқалы жиынға Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты, аудандық филиалдың кураторы Архат Исламғали, аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали және аудан әкімінің орынбасарлары,  «Нұр Отан» партиясының аудандық саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, аудан мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелері, ауылдық округ әкімдері, мекеме, ұйым басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Конференцияның барысында  4 мәселе талқыланды.  Алдымен конференцияның мандат комиссиясының төрағасы Ринат Ұлмесеков аудандық конференцияға саяси партиялар туралы қолданыстағы заңнама мен «Нұр Отан» партиясы жарғысының талаптарына сәйкес ауданның барлық бастауыш партия ұйымдарының, яғни 1784 партия мүшесінің атынан 103 делегат сайланып, қатысып отырғандығы жөнінде хабарлама жасады. Күн тәртібіне сай алғашқы болып сөз алған аудан әкімі, партияның аудандық филиалы төрағасы Н.Қарағойшин «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы баяндады. Кезек жарыссөзге беріліп,  «Мәстексай» бастауыш партия ұйымының төрайымы Сәуле Мұхамбетжанова мен «С.Меңдешев» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ақан Қапанов бастауыш партия мүшелері, партияның қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстар мен өткізілген акциялар туралы  әңгімелесе, аудандық жастармен жұмыс  жөніндегі  ресурстық  орталығының  басшысы, аудандық мәслихат депутаты Жақсылық Хайрелов ауданда жастар үшін «Нұр Отан» партиясының бастауымен жасалып жатырған игі істерді тізбектеп, жастарды қолдап, сенім артып отырған Елбасына аудан жастары атынан ризашылығын білдірді.  Мұнан кейін  мінберге көтерілген «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты, аудандық филиалдың кураторы Архат Исламғали еліміздегі жетекші партияның алға қойған мақсаты туралы баяндай отырып, «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарған жұмысының мол екенін және алда тұрған міндеттердің де аз емесін тілге тиек етті.

Конференцияның  күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы саяси кеңесінің құрамы  және «Нұр Отан» партиясы  Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті XХІI облыстық конференциясына қатысатын делегаттар құрамы сайланды.    Ашық дауыс беру өткен сайлауда «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы саяси кеңесінің құрамына  15 адам, ал «Нұр Отан» партиясы  Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті XХІI облыстық конференциясына қатысатын делегаттар құрамына 9 адам бір ауыздан сайланды. Сондай-ақ Жаңақала аудандық  саяси кеңес бюросы құрамына өзгеріс енгізуге ұсыныс жасалып, бюро құрамы 7 адамнан құралды.

Тарихи маңызға ие жиынды қорытындылаған және күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша сөз алған «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру туралы баяндама жасады.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.