26.10.2018, 17:27
Қараулар: 104
Рухани байлық сыйлаған кеш

Рухани байлық сыйлаған кеш

Облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен…» жобасы аясындағы «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы кезекті концерттік бағдарламасымен Жаңақала ауданында болды.

Былтырғы жылы қолға алынған бағ-дарламаның түпкі мақсаты – Қадыр ақын шығармашылығын халық арасында ке-ңінен насихаттау. Жобаға жетекшілік етуші танымал ақын Бауыржан Халиолла. Құрылғанына аз уақыт болған ұжым облыс аудандарымен қатар, республикамыздың Атырау, Маңғыстау облыстары және Алматы, Астана қалаларында өз өнерлерін көрсетіп үлгерді.

Киелі сахнаның шымылдығы ақын шығармашылығына арналған арнайы фильммен ашылды. Әдеби-сазды шараны Батыс Қазақстанның азулы айтыскер ақыны Эльдар Ихсанов жүргізді. Ол кеш барысында Қадыр ақынның ел арасында айтылған қағытпа-қалжыңдары мен қанатты сөздерін тілге тиек етіп, көрермендерді бірден баурап алды. Тағылым мен тәлімге толы кеште Ерлан Қуанышов, Гүлзада Ахметова ақын сөзіне жазылған «Кездер-ай», «Әже туралы ән», «Тамды аруы», “Інжу” тобы «Оралым, әнім сенсің шалқыған», Мейірхан Аюпов «Тамаша», «Өз елім», Нұртілеу Болат «Өлмейтіндер», «Кетем деуге болады», Нұржан Тасболатов «Сыған серенадасы» әндерін әуелете шырқап, халықтың құрмет-қошеметіне бөленді.

Шарада қара сөздің қаймағын сапырған Қадыр ақынның өлеңдерін жерлесіміз, жас ақын Орынбек Меңдіқұлов жатқа оқып, кештің көркін келтіре түсті. Сондай-ақ кеш тізгінін қолына алған Эльдар Ихсанов та ақын өлеңдерінің шығу тарихына терең тоқталып, ел аузындағы афоризмдерінен әлсін-әлсін үзінді келтіріп, Қадыр ақынның философиясына елді ұйыта білді.

Кеш соңында аудан халқының атынан шынайы ризашылығын білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов аталмыш өнер ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, аудан әкімінің атынан алғысхат табыс етті.

Кеш жыр патшасы Қадыр Мырза Әли мен жерлес композитор Ескендір Хасанғалиев-тің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Қадыр ақынның шығармаларын на-сихаттаған кешке куә болған көрермендер рухани азық алғандарын айтып, шат-шадыман көңіл күйде тарады.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар