25.10.2018, 17:41
Қараулар: 668
«Қали, Мәмен – күмбір күй»

«Қали, Мәмен – күмбір күй»

Жерұйығы Жаңақала – күй алып­тары Құрманғазы мен Дина­ның, Мәмен, Қали мен Оқап­тың, қазақ өнерінің қайталан­бас тұлғалары Шамғон мен Тұяқбердінің киелі мекені. Сондықтан да заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев 2012 жылы Құрманғазының шәкірті Мәмен Мұратұлының кесенесін ашуға келген сапарында «Қазақ дала­сындағы күй астанасы – Жаңақала» деген болатын. Халқымыздың ұлы пер­зентінің дуалы аузынан шық­қан қасиетті сөз осы өңірдің төлқұжатына айналды.

24 қазан күні аудандық мәдени демалыс орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Жайық өңірінің дарабоз күйші-домбырашысы Мәмен Ерғалиұлы және Қазақстанның Халық әртісі Қали Жантілеуовке арналған «Қали, Мәмен – күмбір күй» атты облыстық домбырашылар байқауы өтті.

Байқаудан бұрын облыс орталығынан келген меймандар Мәмен мен Тұяқ, Қали секілді дәулескер домбырашылардың кесенесіне аялдап, өнер тарландарының рухына тәу етті. Одан әрі Жаңақала аудандық  мәдени демалыс орталығының алдындағы Қали мен Мәмен бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымының дайындаған көрмесін тамашалады.

Жаңақала жұртшылығын елең еткізген дүбірлі байқауды Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімі ұйымдастырды.

Облыстық домбырашылар байқауына Бөкей ордасы, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау, Жаңақала ауданы мен Орал шаһарынан 13 үміткер қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин қатысушыларға сәттілік тілеп, қонақтарға «Қош келдің!» айтты.

М.Ерғалиұлы мен Қ.Жантілеуов шығармаларын насихаттау, күй мұрасын жас ұрпаққа жеткізу, өнер әлемінде жас домбырашылардың есімін ашу байқаудың басты мақсаты болды.

Екі кезеңді қамтыған күй додасында үміткерлер Мәменнің «Ақшолпан», «Қаражан ханым», «Дүрбелең», «Қайғылы қара», Динаның «Байжұма», Құрманғазының «Машина», Махамбеттің «Жауға шапқан», Дәулеткерейдің «Қос ішек» күйлерін орындады.

Орындаушылардың кәсіби шеберлігін шыңдаған сайысқа Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы, күйші Ермак Молдабеков, №1 саз мектебінің оқытушысы, күйші Асқар Кенжеғалиев, Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің жоғары санатты ұстазы, күйші Гүлбар Шуақбаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, күйші Нұржан Сертеков қазылық етті.

Байқау нәтижесінда бөкейлік Ерлан Сертеков бас жүлдені (100 000 теңге) жеңіп алса, қазталовтық Ержан Құмарғалиев 1 орынды (75 000), жаңақалалық Темірлан Сыралиев пен Орал қаласынан келген Аружан Нұржанқызы 2 орынды (әрқайсына 50 000 теңгеден),  Мұхамедияр Таңатаров (Орал қаласы) пен Азамат Қалиев (Шыңғырлау ауданы) 3 орынды (40 000 теңге) еншіледі. Бұдан бөлек Бақытжан Әміржан (Орал қаласы), Елдос Аманғалиев (Тасқала ауданы), Әли Қулатов (Орал қаласы) байқаудың дипломанттары атанып, оларға 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ 10 000 теңге ақшалай сыйлық және алғысхатпен Оралдың төрт оғланы Саадат Елеусінов, Еламан Елтаев, Бекет Сағынай, Жұмағали Кенжеғалиев марапатталды.

Шара соңында аудан әкімінің атынан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов-қа байқауды ұйымдастыруға мұрындық болғаны үшін алғысхат, қасиетті күй өнерін қастерлеген өнерпаздарға ықылас гүлі табыс етілді.