7.11.2018, 17:47
Қараулар: 598
Құрт дауы қайдан шықты?

Құрт дауы қайдан шықты?

Жаңақала аудандық емханасында  ем алып жатқан аяғы ауыр келіншектің таңғы асынан құрт шықты деген ақпарат шыққалы жергілікті жұрттың әбігерге түсіп, алаңдауы түсінікті жайт.

Осы оқиғаға байланысты редакцияға бірнеше қоңырау келіп түсіп, оқиғаны өз оқырмандарымызға егжей-тегжейлі жеткізу үшін орталық ауруханаға ат басын бұрып, аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігерімен тілдестік.

 

Бұл оқиғаны аудандық орталық аурухана директоры Ш.Сәрсенғалиев былайша түсіндірді.

— Жаңақала аудандық орталық ауруханасына тамақты тасымалдаушы “Жанали” ЖК аутсорсинг тәсілімен  жылдың басында анықталған. 24 қазан күні таңғы асқа тары ботқасы әкелінген. Кезекші дәрігер тамақты өзі тексеріп, сынамасын алғаннан кейін науқастарға берілген. Тамақ ішу кезінде науқас әйел тәрелкесінен бөгде денені анықтап, ас берушіге қайтарып берген. Бұл жөнінде ас таратушы жедел кезекші дәрігерге, бөлімше меңгерушісіне, емдеу ісі жөніндегі орынбасар-ға хабарлап, таңғы ас бөгде денемен бірге акт жасалып алынып, санитарлық сараптама орталығына жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша, егер алып келген тағам санитарлық талапқа сай болмай, бөгде дене анықталатын болса, ауруханаға дайын тағам тасымалдаушы ”Жанали” ЖК-мен келісімшартты бұзу жөнінде заң орындарына талап арыз түсірілетін болады және бұл жөнінде  ”Жанали” ЖК-не хабарлама жіберілді. Ауруханаға дайын тағам дайындап әкелуші “Жанали” ЖК-нің басшылығы ауруханаға шақырылып, науқастармен кездестіріліп, түсіндіру  жұмысы жүргізіл-ді. Әзірге санитарлық сараптама қорытындысы шықпай тұрып, алдын ала түрлі түсініспеушілік туғызатын пікір беруден аулақ болу керек деп есептеймін,- деді.

Мекеме басшысы кезекші дәрігер әкелінген тағам сынамасын алып, тексерістен өткізгеннен кейін ғана науқастарға ұсынылатыны жайында жоғарыда айтып кеткен еді. Сынама алғанда бөгде дене қалай байқалмады? Бұл сұрағымызға жауап алу үшін сол күні сынама алған кезекші дәрігер Қ.Байғалиеваға жолықтық.

-Тамақ келгенде кезекші дәрігер  қарап, сынамасын алады.  Тексеріп, сынамасын алғаннан кейін ғана ба-рып науқастарға беріледі. Сол күні түнгі кезекшіліктен шығып, таңғы асты тексеріп, сынамасын алып, дәмін таттым. Содан кейін барып науқастарға таратылды. Өзімнің тамақ салынған ыдысымнан бөгде нәрсе көрмедім. Егер көрген жағдайда рұқсат бермейтін едік,- деп өзінің пікірін білдірді. Ал ас таратушы Ұ.Абикенова болса:

-Сол күнгі тамақтың сынамасын кезекші дәрігер алды. Менің жұмысым тексерілген тамақты науқастарға салып, таратып беру ғана. Мен тамақ салу барысында ешқандай құрт көрген жоқпын. Бірақ науқастардың бірі сол кезде тағамнан құрт шыққандығын айтып, қайтарып берді. Сол мезетте кезекші дәрігерге, бөлімше меңгерушісіне, емдеу ісі жөніндегі орынбасарға хабарладым,- дейді.

«Тамағымнан құрт шықты» деген науқас Р.Касимоваға да жолықтық. Ол өзінің ыдысынан бөгде дененің шыққанын естіген. Дегенмен ол өзі көрмеген, мән-жайды білмеген. Жуынып-шайынып таңғы асқа келгенше, асты алдына қойып кеткен. Үстелде отырған көршілесі М.Қайырбалиева көрген екен.

-Мен келгенде осындай оқиға орын алған. Мен ештеңе көрген жоқпын,-деп мәлімдеді.

Ал енді М.Қайыр-балиевадан сұраған кезімізде неге екенін қайдам, әңгіме барысында диктафон қоспауымызды сұрап, кішкене күйбелектеніп, жауабын қысқа қайырды.

-Менің тамағымнан шыққан жоқ. Мен өз басым тары ботқасын жемейтін адаммын. Көршілесім  Р.Касимованың ыдысынан көріп, шошып кеттім де, шу көтергенім рас.

Оқиғадан кейін бас дәрігер сабырға шақырып, бұл іс аяқсыз қалмайтындығын, бөгде зат сараптамаға жіберіліп, оның нәтижесі бойынша адам денсаулығына зиянды нәрсе екендігі анықталған жағдайда тиісті адамдарға заң аясында шара алынатындығын қаперімізге берді. Мен ешқайда жазған жоқпын. Әлеуметтік желіге де таратқаным жоқ. Бұл жайттың әлеуметтік желіге қалай тез тарап кеткендігінен мен бейхабармын,- деді.

Аурухана қызметкерлерінен мәлімет алып болғаннан кейін, жыл басында тендер бойынша жеңіп алып, мекемеге тамақ тасымалдаушы «Жанали» ЖК иесі Т.Қуановаға барған едік. Ол:

-Ас пісіретін өзіміздің аспазымыз бар. Осы кезге дейін ол аспазға шағым айтылған емес. Тамақ піскен соң ауруханадан бұрын өзім сынамасын аламын, тексеремін. Содан кейін барып ауруханаға  жібереміз. Ол құрттың қалай шығып тұрғанын мен білмеймін, айта алмаймын,- десе,  аспаз А.Сүйеуова:

-Бұл оқиғаны естігенде өзім де таң қалдым. Түскі асты апаруға барар алдында осындай түсініксіз жайттың орын алғанын бізге хабарлап айтты.

Күндегідей тамақ дайындар алдында қандай тамақ өнімі болмасын 2-3 мәрте жуып тазаланып, санитарлық нормаға сай әзірленеді. Тары ботқасы көп пісетінін бәріңіз де жақсы білесіздер. Өз басым көп қайнап піскен тамақтың ішінен тірі құрт шығуы мүмкін емес деп ойлаймын. Аспаз болып жұмыс істеген бірнеше жыл қызметімде мұндай жағдай болған жоқ. Отбасымды асырап отырған жұмысыма жауапкершілікпен қараймын,- деп бұл жағдайға қатты қиналып отырғандығын  көз жасына ерік бере отырып әңгімелеп берді.

Зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мақаламыз аяқтала келгенде, сараптама қорытындысы да келді.

Оның нәтижесіне сүйенер болсақ, барлығы санитарлық талапқа сай, ешқандай құрт     шықпаған. Зерттеу кезінде бөгде дене деп айтылғандықтан, мүмкін ол бидай өнімдері ішінде жиі кездесетін қара бидай қалдықтарын көріп айтса керек.

Десе де, ем іздеп келген науқастар үлкен қоғамдық орында жатқан соң астың таза, санитарлық нормаға сай болып, тазалық жұмыстарының қатаң қадағаланғаны жөн.

Қазір біздің қоғамда кез келген жайсыздық бола қалса, ақ-қарасын анықтамай жатып, шу шығаруға әуестеніп бара жатырғанымыз еріксіз қынжылтады.

Бұл оқиға осының бір дәлелі. Қаншама адамның тағдыры қыл үстінде тұрды. Отбасын асырап отырған жандар жұмысынан айырылып қала жаздады. Бірақ оның барлығының нәтижесін түрлі зерттеулерден өтіп, тексерілген сараптама қорытындысы көрсетіп отыр.

Құрметті ағайын, мән-жайды білмей, оқиғаның байыбына бармай жатып, қате пікірлер жазып, байбалам салудың қажеті жоқ. Қазақ «Бөлінгенді бөрі жейді» деп бекер айтпаса керек. Ал төртеу түгел болған жағдайда біздің береке-бірлігімізді ешкімнің бұза алмасы хақ. Еліміздің болашағын, келешек ұрпағымызды ойлап, жұмылған жұдырықтай болайық, ағайын!

 

Ринат Маратұлы, Жаңақала аудандық ҚДСБ бөлім басшысы:

— 24 қазан күні «Ұлттық сараптама орталығы» Жаңақала аудандық бөлімшесіне аудандық ауруханадан келіп түскен қатынас хат негізінде зертхана мамандары арнайы стерильдік ыдыспен сол күнгі таңғы асқа беріл-ген дайын өнім тары ботқасының сынамасын бактериологиялық зерттеуге алды. Тамақ өнімдерін микробиологиялық зерттеу №257 29 қазан 2018 жылғы хаттамасы бойынша дайын тағамнан болымды (положительный) нәтиже анықталмады. Бұл жөнінде аудандық аурухана хатына жауап берілді.

Жаңақала аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ауруханаға дайын өнімді тасымалдайтын «Жанали» ЖК-нің иесі Т.Қуанованың 50 орынға дейінгі қоғам-дық тамақтану объектісіне барып, тағамнан улану және жіті ішек жұқпасы ауруларының алдын алу, қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптары бойынша санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізді. 50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану объектілері тәуекел дәрежесі елеусіз субъектілер (объектілер) тобына жататындықтан, ондай объектілер тек шұғыл хабарламалар, өтініштер, арыз-шағымдар негізінде жоспардан тыс тексеріледі. Жоғарыда аталған объект бойынша аудандық басқармаға қазіргі таңда ешқандай арыз-шағым түскен жоқ.