16.11.2018, 15:53
Қараулар: 365
Оқыс оқиға қалай орын алды?

Оқыс оқиға қалай орын алды?

Естіген құлаққа түрпідей тиген бұл келеңсіз оқиға көптің есінен әлі кете қоймаған шығар. Алақандай ғана  Жуалыой ауылындағы жағдай дүйім жұрттың жағасын ұстатып, ауыздан ауызға тарап, тіпті бүкіл Қазақстанды шарлап кеткені де жасырын емес. Өйткені, бала тауып алған шприц қайдағы нәрсе? Қандай дәріге, кімге егуге қолданды? Бала денсаулығына зиянды, қауіпті нәрсе жоқ па? Бұл сұрақтар ата-анасын қатты алаңдатқан, арыздануына себеп болған еді. Шу осыдан шықты.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл оқиғаның қалай болғанын, анық-қанығын білмек ниетте, алдымен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Елжас Қадыровпен жолыққан едік.

-Жаңақала ауданы, Жуалыой ауылындағы Х.Нұрымғалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде 22 қазан күні осы мектептің 7-сынып оқушысы Елтыныш Аманжол  6-сынып оқушысы Эльвира Жарастың  сол жақ қарына шприц сұғып алады. Оқушы медбикеге барып алғаш көмек алған. Күні бүгін аудандық емханада медициналық тексерістен өткізіліп, ем алуда және қосымша амбулаторлық бақылау тағайындалды.

Жалпы, медициналық тексерістің алдын ала қорытындысы бойынша қан арқылы жұғатын қауіпті инспекциялық аурулардың белгілері анықталған жоқ.

Болған оқиғаға байланысты аудандық білім беру бөлімінің 2018 жылғы 25 қазан күнгі №104-1 бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізілуде.

Қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралары алынады,-деген болатын аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров.

Мұнан кейін жарақат алған Эльвира Жарастың жағдайын білу үшін аудандық орталық ауруханаға бас сұқтық. Аудандық орталық аурухана директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев Эльвираның жағдайы қалыпты екенін айтып, шприцтен қандай да бір ауру белгілері анықталмағанын мәлімдеді.

Х.Нұрымғалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Қаныш Садыр оқиға болған күні енесінің дүние салуына байланысты, Сайхын ауылына аттаныпты. Десе де, директор Қ.Садыр өз мәлімдемесін жасады. «22 қазан күні ІІ кезеңде оқитын 7-сынып  оқушысы Е.Аманжол  6-сынып оқушысы Э.Жарасты шақырып, «бір нәрсе айтамын» деп сол жақ қарына шприц сұғып алған. Эльвираның қолы қанап отырғанын көрген география пәні мұғалімі Меңдібек Карин оқушыны үйіне жіберген. Оны көрген Эльвираның  анасы Елтыныштың  анасына барған. Болған жағдайды баяндаған. Ауыл медбикесіне барып жарақатты көрсетіп, алғашқы көмек алып, Эльвира сабағына қатысқан. Мектеп медбикесі мен МДОІЖО міндетін уақытша атқарушы Оралбек Альбертұлы Жарас Эльвираның анасымен сөйлесіп, медициналық тексерістен өтуге ұсыныс айткан кезде бас тартқан. Кейін 23 қазан күні МДТІЖО Ақмаржан Сағынқызына болған жағдайды анасы Гүлайым баяндаған. Ақмаржан Сағынқызы Елтыныштың ата-анасы және баласы Елтынышпен  сөйлескен. Екі оқушы біріне бірі туысқан. Аталары Аманжол мен Жарас туған ағалы-інілі кісілер.

Қазір оқушының жағдайы жақсы. Сабаққа қатысуда. Анализ қорытындылары бойынша ешқандай белгілер анықталмады. Ата-аналары бірімен-бірі түсіністі. Сынып жетекшілер, сол күнгі кезекшілік атқарған лауазым иелері тәртіптік жазаларын алды. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар өз еркімен лауазымынан босатылды. Күні бүгін жағдай тұрақталды» деген мәлімдеме хатын жолдаған еді.

Ал, Эльвира Жарастың анасы Гүлайым Есәліқызымен сөйлескенімізде ауылдағы медбикенің өз қызметін толық атқармағанын айтты. Әрине, ата-ана баласы үшін шырылдайды. Солардың бақыты үшін күн кешеді. Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауыратыны ақиқат. Сондықтан мұндай жағдайда жауапты адамдардың жауапсыздық танытқаны қынжылтады. Сол үшін де Гүлайым апамыз «КТК» арнасының тілшісіне хабарласып, болған мән-жайды баяндап, әділдік іздеген екен.

-Қызым үйге жылап келгенде жанымды қоярға жер таппадым. Ауылдағы медбикеге барып, алғашқы көмек сұрағанымызда ол кісі орнынан да тұрмады. Жарақатын көре тұра қарамағаны жаныма батты. Бізге назар аудармай, «үйге барған соң арақ жағып қой» деген «емімен» ғана шектелді. Мен қызымды жетектеген күйі үйге оралдым.

Кейін қызымды аудандық орталық ауруханадан тексерістен өткізіп, денсаулығына залал келмегенін білдім. Абырой болғанда, әлгі даладан табылған шприц таза болып шықты.

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қазақ. Мен бәріне де кешірім бердім. Алайда, білім ордасында тәртіптің болғанын қалаймын, талап етемін,-дейді Гүлайым Есәліқызы.

Иә, қалай еткенде де мектепте де, үйде де жас жеткіншектер үшін жүйелі тәртіптің болғаны жөн. Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Бала бетімен кетпеуі керек. Оны қадағалап отырмасаң, бұдан зор қайғылы оқиғаларды жасамауына кім кепіл? Сондықтан өсіріп отырған баламызға бейжай қарамайық, ағайын.