29.11.2018, 16:52
Қараулар: 585
Жақсы бастама жалғасын тапты

Жақсы бастама жалғасын тапты

Өткен жылы аудандық жастар ресурстық орталығы және  «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңақала шағын футбол лигасы» құрылған болатын. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 7 айға созылған  лигада  аудан жастарынан құрылған 12 команда 2 айналымда өнер көрсетті. Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде Жаңақала ЖОББМ командасы 2018 жылдың аудан чемпионы атанған болатын. Аудан жастарының сүйікті ойынына айналған шағын футбол лигасы биыл да өз жалғасын тапты.

29 қараша күні Тұңғыш президент күніне орай «Жаңақала шағын футбол лигасы» турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Аудан жастарының бос уақыттарын тиімді өткізу, жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, NEET санатындағы жастарды қоғаммен араластыру, ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыта отырып, құқықбұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында биыл екінші рет өткізіліп отырған лиганың ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Қарағойшин қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысының спортшыларға тілеген сәттілігінен соң, теңбіл доп ортаға тасталып,  ойын басталып кетті. Биылғы лигаға 12 команда қатысуда. Командалар аптасына екі күн ойын ойнап, жалпы ойын 5 айға созылады деп жоспарлануда.