4.12.2018, 16:57
Қараулар: 608
Қылмыстың ашылуы әлі де төмен

Қылмыстың ашылуы әлі де төмен

Ағымдағы жылдың 6 қарашасы күні  Қазақстан Республикасы Үкіметтің «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» №723 қаулысын қабылдаған болатын. Осы қаулы негізінде 27 қараша күні Бірлік және Көпжасар ауылдық округтерінің  жергілікті полициялары ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Жиналысқа  аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Өтеш Әбуғалиев, аудан прокуроры Арман Қабанов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Үмбетов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Бақтыгереев және ауыл тұрғындары қатысты. Есеп беру жиыны алдымен Бірлік ауылдық округінде өтті. Күн тәртібіне қойылған жалғыз мәселе бойынша Бірлік ауылдық округінің жергілікті полиция қызметкері М.Боранбаев есеп берді. Есеп берушінің баяндамасына сүйенер болсақ, Бірлік ауылында 2018 жылдың соңғы 10 айында 17 қылмыс тіркелген екен. Қазіргі таңда соның 14-і ашылған болса, 3 қылмыс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ашылмай отырған 3 қылмыстың бірі ұялы телефон ұрлығы болса, екеуі мал ұрлығы. Елбасымыздың құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп, қоғамдық орында ішімдік ішкен күйде жүргені үшін 8 хаттама, белгіленбеген жерге темекі шеккені үшін 2 хаттама, қоғамдық орынға қоқыс қалдықтарын қалдырғаны үшін 7 хаттама және басқа да түрлі баптар бойынша жалпы 55 әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде 317 460 теңге айыппұл салынып, оның 155 123 теңгесі өндірілген. Жергілікті полиция қызметкерінің баяндамасынан соң аудандық мәслихат депутаты, ауыл тұрғыны Қанат Ешімов өз ұсыныс-пікірін айтып, полиция қызметкері М.Боранбаевтың қызметіне ауыл тұрғындары атынан оң бағасын берді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерінің жұмысын жақсарту мақсатында полиция қызметкерін жеңіл автокөлікпен және тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады.

Есеп беру жиыны түстен кейін Көпжасар ауылында жалғасты. Бұл жерде күн тәртібіндегі мәселе бойынша учаскелік полиция инспекторы Дарын Құсайыновтың есептік баяндамасы тыңдалды.

— Көпжасар ауылы бойынша 2018 жылдың 10 айында 8 қылмыс тіркелді. Бүгінгі таңда 8 қылмыстың  8-і де ашылмай отыр. Сонымен қоса 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін 25 хаттама, белгіленбеген жерге темекі шеккені үшін 12 хаттама, қоғамдық орынға қоқыс қалдықтарын тастағаны үшін 10 хаттама, әкімшілік белгілемеген жерге қоқыс тастағаны үшін 4 хаттама, балық аулау ережесін бұзғаны үшін 8 хаттама және басқа да түрлі баптар бойынша жалпы 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Толтырылған хаттамалар нәтижесінде 420000 теңге айыппұл салынса, соның 220000 теңгесі өндірілді,- деген Дарын Құсайынов, баяндама соңында ауыл тұрғындарын қылмыспен, құқықбұзушылықпен бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Одан әрі зейнеткер Аманжол Сауатов «Қоғамдық жерде темекі тартқан азаматтарға бірден айыппұл емес,  бірінші ескерту берсе болмай ма?»  деген сауалын жолдаса, зейнеткер,  қоғамдық кеңес төрағасы Сағидолла Рысқалиев  ауыл ішіндегі ескі машиналарды тапсыру жөнінде, мұғалім Қонысбай Ғұмаров Ресейден сатып әкелінген машиналарды қайта тіркету жөнінде сұрады. Ал өз пікірін ортаға салған  зейнеткер  Қамысбай Төлеуғалиев ауыл іші жағдайы тұрақты екенін айтып өтті. Екі ауылдық округтегі де  есептік жиынды аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин өзі қорытындылап, қойылған сұрақтарға толыққанды жауап қайырды.