28.11.2018, 17:03
Қараулар: 586
Бағусыз мал – ұрының жемтігі

Бағусыз мал – ұрының жемтігі

28 қараша күні ҚР Үкіметінің 2018 жылдың 6 қарашадағы №723 қаулысын іске асыру мақсатында Жаңақазан ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Бижан Қаратаевтың есеп беру жиналысы өтті.

Жиынға аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудан прокуроры Арман Қабанов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Үмбетов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Бақтыгереев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Елжас Қадыров, аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева және  Жаңақазан ауылының тұрғындары қатысты.

Жиынды Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәкен Губашев  жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша учаскелік полиция инспекторы Бижан Нұрымұлының есептік баяндамасы тыңдалды.

Учаскелік полиция инспекторы Б.Нұрымұлының айтуынша, 2018 жылдың 10 айында округ бойынша барлығы 11 қылмыс тіркелген.  Оның 9-ы  ашылып, қылмыскерлер жазаға тартылған. Сонымен қатар, 62 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркеліп, шара алынған.

-Ауылымызда өзекті мәселелердің бірі – тұрғындардың жеке малын бақтыру. Бұл іс әлі күнге дейін жүзеге аспай келеді. Бағылмаған мал тез жоғалады. Малдың жайылымда бағылмауы оның ұрлауына себеп болады. Сондықтан ел болып, билік пен халық болып, мал бақтыруды ұйымдастыру керек.

Қылмысты болдырмау және алдын алу аудандық ішкі істер бөлімінің басты міндеті. Десе де, қылмысты болдырмауға әр азамат өз үлесін қосу қажет. Болашақта әкімшілік, мекеме басшылары, мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары болып бірлесіп жұмыс жасасақ, ауылымыздың тыныш болары сөзсіз,-дейді учаскелік полиция инспекторы Б.Нұрымұлы.

Кездесуде учаскелік полиция инспекторының қызметтік көлігі жоқтығы әңгіме болды. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны «Даладан жоғалған малды іздеуге көмектесе аласыздар ма?» деген өтінішін айтты. Одан әрі аудан әкімі Н.Қарағойшин сөз алып, мал бақтыруды ең бірінші кезекте ауылдық округ әкімі ұйымдастыруы қажет екенін қадап жеткізді. Және соны талап ететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудан басшысы кейбір тұрғындардың малдары бірдейленбегенін баяндап, сырғаланбаған мал жоғалса табылуы һәм анықталуы қиындық туғызатынын жеткізді.

Мұндай алқалы жиын түстен кейін Жаңажол ауылдық округінде жалғасты. Жиын ауылдық округ әкімі Аслан Оразалиевтің кіріспе сөзінен соң бірден басталды.

Учаскелік полиция инпекторы А.Дәулетов баяндама жасап, жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебін берді.

2018 жылдың 10 айында Жаңажол ауылдық округі бойынша 80 құқықбұзушылық анықталып, 14 қылмыстық оқиға тіркелген.

Қоғамдық орында ішімдік ішкен – 13, қоғамдық орында ұсақ бұзақылық жасаған – 7, балық аулау ережесін бұзған – 2, қару сақтау ережесін бұзған – 4, жеке куәлік немесе тұрғын үйге тіркелу ережесін бұзған – 9, иттер мен мысықтарды күтіп ұстау ережесін бұзған – 5, қаруды қайта тіркеу, ұзарту ережесін бұзған – 1, тұрғын үй тыныштығын бұзған – 3, ҚР әр түрлі баптарымен жол ережесін бұзғаны үшін – 15, мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін – 3, қоғамдық орында шылым шеккені үшін – 3, елді мекендерді көгалдандыру ережесін бұзғаны үшін – 10, заңсыз қару иелену – 3, тыныштықты бұзу – 1, заңсыз алкоголь өнімін сатқаны үшін – 1 адамға хаттама толтырылып, шара алынған. Біз мұны учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан естіп, білдік.

Жиын соңында зейнеткер О.Дінғалиев өзен-көлдерге су алу мәселесіне жіті көңіл болу керектігін айтты.

Ауылдық округ әкімі Аслан Қанатұлы Жаңажолда тәрбие мен тәртіптің ақсап тұрғанына, кейбір жерлестерінің бұзақылық қылықтары тіптен шектен шыққанына қынжылатынын жеткізді. Жиынды аудан әкімі Н.Қадырбайұлы қорытындылап, елді бірлікке, тату тірлікке шақырды.

Мәстексайда да мал ұрлығы аз  емес

Жаңажолдағы жиын аяқталғасын, Мәстексай ауылдық округіне ат басын бұрдық. Мақсат – Мәстексайдағы учаскелік полиция инспекторы Арман Ешболовтың есептік баяндамасын тыңдау еді.

Жиын барысында Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова кездесудің мақсаты мен міндетін таныстырды.

Бұл округте 2018 жылдың 10 айында 9 қылмыс тіркелген. Соның 8-і ашылып, 1-еуі ашылмаған. Бұдан бөлек 52 тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде салынған айыппұл 175 565 теңгені құраған.

Округ бойынша профилактикалық есепте ішімдікке салынған – 1, бұрын сотталғандар – 3, пробация есебінде 9 адам бар. Бұл деректерді хабарлаған учаскелік полиция инспекторы Арман Қолғанатұлы тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.

Жиында ауыл тұрғындары даладан ірі қара малының жоғалуы жиілеп бара жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, «Учаскелік полиция инспекторы мал ұрлығының алдын алып, түнгі бақылау жұмыстарын жүргізсе» деген тілектерін жеткізді.

Жиынды аудан әкімі Н.Қадырбайұлы қорытындылады.