21.02.2019, 10:46
Қараулар: 86
Жолдама жаңақалалықтарда

Жолдама жаңақалалықтарда

Жақында Орал қаласында 2001-2003 жылы туған мектеп оқушылары арасында  қысқы спартакиада өткен болатын. Спартакиадаға ауданымыздың оқушылары қатысып, шағын футболдан чемпион атанды. Жаңақала ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мерей Есімов жаттықтыратын жаңақалалық оқушылар командасы облыста өздерін танытып жүрген мықты командалардың бірі де, бірегейі десек артық айтқанымыз болмас. Олай деуімізге себеп жаңақалалық футболшылар бір емес, екі бірдей республикалық додаға жолдама жеңіп алды. Осыдан екі ай бұрын, яғни желтоқсан айында өткен «Теңбіл доп» мектеп лигасында өнер көрсеткен Мерейдің оқушылары ауданымыздың мерейін өсіріп, Петропавл қаласында өтетін республикалық мектеп лигасына жолдаманы жеңіп алған болатын.

Жарыстан жеңіспен оралған спортшыларымызды жаңақалалықтар ауданға кіреберіс жолдан зор құрметпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Рухани орталық ғимаратында спортшыларымызға арналған жиын өтіп, жеңімпаз спортшыларымыз халықтың қошеметіне бөленді.  Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сәкенұлы аудан мерейін үстем еткен спортшыларымызды құттықтап, республикалық додада да топ жарып, оқ бойы озық шығып, ауданның ғана емес, облыстың атын асқақтатуға тілектестігін білдірді. Ал Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы тартысты өткен доданы тікелей эфирден тамашалап, телеэкранның бергі жағында тақымдарын қысып, спортшыларымыз жеңіске жеткенде бірге шаттанып, қуанғандықтарын жеткізді. Кейін жас әнші қызымыз Амина Жұмагерейқызы ағаларына арнап «Спорт» әнін шырқады. «Еркін микрофонға» кезек келіп, команда ойыншылары жарыстың қызықты әрі тартысты өткенін айтып, өз әсерлерімен бөлісті. Командасын аламан додаға дайындап, жүйріктерді баптаған жаттықтырушы Мерей Есімов:

-Топтық ойында Орал қаласын 6:4, Бәйтерек ауданының командасын 4:2, Орал қаласының «КТЛ» командасын 4:2  есебімен ұтсақ, бөрлілік «Ақсай» командасын  9:2 есебімен ойсырата ұтып, финалдық ойынға жолдама алдық.  Топтық ойындардан сүрінбей өтіп, шешуші ойында азулы «Теректі» командасымен  кездесіп, 4:4 есебімен тең дәрежеде ойын көрсеттік. Жеңімпазды анықтау пенальти әдісі арқылы жүргізіліп, Мейрамбек Ғұбайдуллин қақпасын берік қорғай біліп, теректілік оқушылардан жеңісті жұлып әкеттік, — дейді.

Тартысты өткен теңбіл доп додасының қорытындысы бойынша «Жаңақала» командасының қақпашысы Мейрамбек Ғұбайдуллин «Үздік қақпашы» атанса, екі бірдей жолдаманы қанжығасына байлаған Мерей Есімов «Үздік жаттықтырушы» атанған болатын.

Кеш соңында жеңімпаз команда ізін жалғап өсіп келе жатқан жастарға қолтаңбалары қойылған доптарды табыс етіп, кеш естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті.

Айта кетейік, спартакиада жеңімпазы атанған «Жаңақала» командасы наурыз айында облыс намысын Көкшетауда қорғайтын болады.

«Жаңақала» командасына алдағы бәсекеде де тек сәттілік тілейміз!

Азиза СҮЙІНІШҚАЛИЕВА