20.02.2019, 16:27
Қараулар: 567
Жақсылық жасауға асықты

Жақсылық жасауға асықты

Жақсылық, бейбітшілік, өзара қолдау, мейірімділік құндылықтарын әдетке айналдырып, қоғам арасында тарату мақсатында бастау алған «Жақсылық жаса» акциясы әлі де жалғасын табуда.  Аталмыш акция елімізде көмекке мұқтаж адамдардың жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтарымыздың көп екенін көрсетуде. Жаңақалалықтар да бұл акцияға өз үлестерін қосып, аз қамтылған, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Сондай игі іске белсене атсалысқандардың бірі – Жаңақала желілік-өндірістік басқармасының жас мамандары. Бұл бастамаға бей-жай қарамаған жақсылыққа жаны құмар жастар  ауданымыздағы көп балалы, аз қамтылған 2 отбасыға қолдау көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Айта кетейік, Жаңақала желілік-өндірістік басқармасы бұдан өзге шараларға да белсене қатысып, қайырымдылықты назардан тыс қалдырған емес. Жүрегі мейірімге толы ұжым басына іс түсіп, тағдыр тәлкегіне тап болған көп жанға пана болғанына аудан халқы куә.

Әрдайым халықтың жанашыры болып, жақсылық жасауға асыққан жандар бұл акцияны өзге де мекемелерге жолдап, акцияның әлі де өз жалғасын табатындығын жеткізді.

Азиза СҮЙІНІШҚАЛИЕВА