22.02.2019, 10:47
Қараулар: 381
Ардагер спортшыға құрмет

Ардагер спортшыға құрмет

16-17 ақпан күндері Жаңақала мектеп-гимназиясында спорт ардагері, облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, Мұратов Хайрат Мұратұлының 70 жасқа толуына орай тоғызқұмалақтан жекелей аудандық ашық турнир оздырылды.

Дүбірі алыстан естілген ақыл-ой додасын  Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, жаңадан құрылған аудандық «Jastar» спорт клубы ұйымдастырды.  Жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында  өткен жарысқа Орал қаласынан, Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қазталов, Сырым, Қаратөбе аудандарынан және Мәстексай, Пятимар, Жуалыой, Жаңақала ауылынан 16 команда сапында 140-тан астам спортшы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин мерейтой иесі Хайрат Мұратұлын мерейлі жасымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, ол республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік журналы бас редакторының №39 бұйрығымен берілген «Спорт ардагері» төсбелгісі мен аудан әкімі Н.Қарағойшиннің атынан алғысхат табыстап, спорт саңлағының иығына шапан жапты. Жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. Одан әрі тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Дәулет Ұзаққалиұлы облыстық тоғызқұмалақ федерациясы басшысы атынан Хайрат Мұратұлына алғысхат табыстады. Және де 2018 жылы БҚО бойынша 12 ауданның арасында тоғызқұмалақтан  «Ең үздік аудан» атанған Жаңақала ауданын, «Ең үздік жыл жаттықтырушысы» номинациясын жеңіп алған Қайрат Шаутеновты арнайы дипломмен марапаттады.

Мұнан кейін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Ахметұлы еңбегі ерен спорт ардагері Х.Мұратұлының деніне саулық тілей отырып, алғысхат пен естелік сый-сияпат табыс етті. Бұдан соң ардагер ұстаз, Бөрлі ауданының аға жаттықтырушысы Айтпай Тастайбеков пен жарыстың бас төрешісі, танымал жаттықтырушы Қайрат Маратұлы сөз алып, Хайрат Мұратұлының өмірі өнеге, еңбегі үлгі екенін, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын айтып, ақ тілектерін жаудырды.

Өз кезегінде Хайрат Мұратұлы еңбегін елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен азаматтарға, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Турнир барысында ауданымыздың жас әншісі Еркебұлан Құмар «Мен қазақпын» әнін әуелете шырқаса, «Нұрбибі» би ансамблінің кіші тобы «Қазақ биін» биледі.

Мұнан кейін жарыс бірден басталып кетті.

Екі күнге созылған турнир тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысында 4 алтын, 6 күміс, 7 қола жүлдені иеленген жаңақалалықтар жалпы командалық есепте бас жүлдені жеңіп алды. 2 алтын, 1 қола  жүлдені еншілеген Жуалыой ауылының командасы II орынды олжаласа, 1 алтын, 2 қола жүлдеге иелік еткен №1  ЖОББМ командасы (Орал қаласы) III орынды місе тұтты.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Ақсұңқар СӘДІР