26.03.2019, 15:07
Қараулар: 545
Батырлар жырын жатқа айтты

Батырлар жырын жатқа айтты

Рухани орталықта аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудандық «Батырлар жыры» байқауы өтті.

Байқауға оқыту тіліне қарамастан жалпы білім беретін ұйымдардың 5-7 сыныптарының оқушылары 3 бөлім бойынша қатысты. Байқау – қазақ халқының батырлар жырын жатқа айту, сурет салу, тест сұрақтары бойынша өтті.

Басты  мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар аза­мат тәрбиелеу, өскелең ұрпақ­ты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып,­ отансүйгiш етiп өсiру. Әрі батыр­лар жырын жаттап өскен бала­ның жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру еді.

Байқау барысында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин алғысөз сөйлеп, байқаудың тәрбиелік мәніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыстың «Жақсылар, дастан айтайын…» атты бөлімінде қатысушылар «Ер Тарғын» немесе «Қамбар батыр» жырын жатқа айтты. Бұл бөлімде Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің оқушысы Аймырза Абайұлы бас жүлдені жеңіп алса, С.Меңдешев атындағы орта мектебінің оқушысы Аманжан Наушабатырұлы I орынды иеленді. Ал, Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің  оқушысы Айшат Ермекқалиева II орынға, Айдархан орта мектебінің оқушысы Ермұрат Ізбасаров пен М.Мирманов атындағы орта мектебінің оқушысы Әминат Жұмагелдина III орынға ие болды. Келесі «Батыр келбеті»  бағамында оқушылар жырдың сюжетіне байланысты тақырыптық сурет салып, мән-мазмұнын түсіндірді. Мұнда бас жүлдені Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің оқушысы Инабат Медхатов иеленсе, I орынға С.Меңдешев орта мектебінің оқушысы Әли Жасқалам,  II орынға №3 қазақ орта мектебінің оқушысы Нұрберген Мұсашев пен М.Мирманов атындағы орта мектебінің оқушысы Абылай Ізбасар, III орынға Айдархан орта мектебінің оқушысы Дамир Жүсіп, Х.Нұрымғалиев атындағы орта мектебінің оқушысы Айнаш Шамел, Карманов орта мектебінің оқушысы Нұрасыл Қаменовалар лайықты деп танылды.

Байқаудың «Рухани азық аламын» бөлімінде қатысушылар мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде «Ер Тарғын» және «Қамбар батыр» жырынан әзірленген тест сұрақтарына жауап беру арқылы сайысқа түсті. Осы бөлімде өз білім-білігімен өзгелерден озық шыққан Карманов орта мектебінің оқушысы Ерасыл Қабиев бас жүлдені қанжығасына байлады. Одан әрі Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Мөлдір Басирова I орынды, Айдархан орта мектебінің оқушысы Жұлдызай Төлегенова мен Пятимар орта мектебінің оқушысы Ұлту Қалиматова II орынды, С.Меңдешев орта мектебінің оқушысы Ұлдана Төлеуғалиева, М.Мирманов атындағы орта мектебінің оқушысы Бибігүл Төлегенова, Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің оқушысы Гүлназ Асқаровалар III орынды еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен шағын естелік сыйлықтар берілсе, жетекшілеріне алғысхаттар табыс етілді.

Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Нұрғали Ғаббас байқауды ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдіріп, бұл шараның берері көп, тәлімі мол екенін жеткізді. Сондай-ақ ол кейбір оқушылардың байқауға атүсті қарағанын айтып, дайындықтарының көңіл көншітпейтіндігін меңзеп, жетекшілеріне сын-ескертпе жасады.

Бұдан соң қазылар алқасының мүшесі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева оқушылардың ой өрісін дамытатын, қиялын шыңдайтын, арманына қанат бітіретін «Батырлар жыры» байқауын өткізуге атсалысқандарға өз ризашылығын білдірді.

Байқаудың соңында аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Сүлейменова:

-«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген тәмсілдің астарында ұлттың ұлы мұратын көздейтін үлкен мән жатыр. Олай болса, осындай игі жұмыстарды оқушылар арасында жиі өткізіп, ұрпақ тәрбиесін – ұлт тәрбиесі деп қарап, жарқын болашаққа айқын, мақсатты, нық қадам жасауға әрбіріміз жауапты болсақ, ұлтымыздың тұғыры биік, тәуелсіздігіміздің мәртебесі жоғары, қазағымыздың абыройы асқақ боларына сенімім мол,-дей келе көрермендерге, ұжымдастарына, қатысушы оқушыларға алғысын айтты.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИ

 

 

 

Рухани жаңғыру

Басқа да мақалалар