14.03.2019, 15:13
Қараулар: 440
Туған жерге игі іс

Туған жерге игі іс

Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлімсақтан жалғасқан салты. Ол – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осы ұлттық санамызды жаңғыртуға жаңа серпіліс берді. Осы орайда «Туған жерге тағзым» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар мен акциялар ұйымдастырылуда. Осындай игі істерді жүзеге асыруда Жаңақала ауданы да қалыс қалып жатырған жоқ. Соның бір дәлелі – Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы мектепте жасақталған мұражай мен мәжіліс залы.

Мәжит Жүнісов мектебі еліміз бойынша ғасырдан астам тарихы бар білім ордаларының бірі де бірегейі. Аталмыш мектепке өткен жылы 150 жыл толды. Мектептің мерейтойына орай аудандық бюджеттен 6 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, тарихтан сыр шертіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болар мектеп мұражайы қайта жасақталды. Онда өлке тарихынан сыр шертетін көптеген жәдігерлер, аудан тарихында өз қолтаңбасын қалдырған мектеп түлектері мен есімі мәңгі өшпес тұлғалар туралы дерек-дәйектер бар. Қазір бұл мұражайды ұлағатты ұстаздар өскелең ұрпақтың санасына патриоттық сезімді ұялату мақсатында тарих сабағы, тәрбие сағаттары сынды тәрбиелік шараларда кең көлемде қолданып жүр.  Мұражайда өткен сабақтар оқушылардың  туған жерін, Отанын сүйіп, оған адал қызмет етуге  тәрбиелеуге өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, ел Президенті жоғарыда аталған мақалада  «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, оларды қолдау керек» деген болатын. Елбасымыздың бұл сөздерін жадына берік сақтаған  Жұмалиевтер отбасы өздерінің туған ауылына, өздері білім алған алтын ұя мектептерінің мерейтойына арнап мәжіліс залын жасақтап берді. Туған жеріне тағзым еткен Жұмалиевтер  әулеті бұл мәжіліс залын 2 млн. теңгеден астам қаржыға жасақтап, ішін заманауи техникалармен жабдықтап берді. Ұстаздар «Жаңартылған білім беру» бағдарламасы аясында осы мәжіліс залында түрлі тренингтер мен сабақтар, кездесулер мен конференциялар ұйымдастырып, қажеттіліктеріне жаратуда.

Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу болса,  «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Бұл орайда, туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлес қосып жүрген Жұмалиевтер отбасы сынды ел азаматтарының бар екені көңіл қуантады.

Аида Губашева, М.Жүнісов ЖОББМ-нің директоры:

— Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен көптеген шаралар жүзеге асырылуда. «Туған жер» жобасы аясында ауыл азаматтары өздері туып-өскен өлкеге сый-құрмет көрсетіп жатқанына ризамыз. Осы жоба аясында аудандық бюджеттен мектеп мұражайы қайта жасақталып, Жұмалиевтер отбасы мәжіліс залын пайдалануға берді. Бұндай заманына сай мәжіліс залдары бүгінгі заманның оқушыларына білім беруде таптырмас құрал деп білемін. Өйткені жарқырап, іші жаңа техникалармен толып тұрған залда біздің білімге құштар жас ұрпақ еш алаңсыз, еш уайымсыз білім нәрімен сусынданады. Осындай игі іс жасап, бізді қуантып отырған Жұмалиевтер отбасына мұғалімдер мен мектеп оқушылары атынан алғысымды білдіремін. «Елім, жерім» дейтін осындай азаматтарымыз көп болғай!

Назерке Сұлтанғалиева, 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» үміткері:

— Мектебімізде алаңсыз оқып-білім алуымызға барлық жағдай жасалған. Біздің ендігі мақсатымыз – ата-анамыздың, ұстаздарымыздың үкілі үмітін ақтау. Былтырғы жылы ауыл ағалары мәжіліс залын ашып беріп, ондағы  теледидар, проектор сынды заманауи құрылғыларды қажетімізге жаратуға себепкер болған. Сондай-ақ, мектептегі өлкетану мұражайы да қайтадан жасақталып, ауылымыздың тарихымен етене таныстық. Мұражай арқылы біз ауылымыздан көптеген білімді, елімізге еңбегі сіңген  азаматтардың шыққанын көріп, білдік. Болашақта мен де сол ағаларымыз сияқты туған жеріме өз үлесімді қосқым келеді.

Максим Жұмалиев:

-Біз өзіміздің туған ауылымыз, өзіміз білім алған алтын ұя мектебіміздің 150 жылдық мерекесіне орай мәжіліс залын жасақтап берген болатынбыз. Бұл – біздің мектебімізге жасаған тартуымыз. Сонымен қоса, бұл Елбасының «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында өзіміздің артымыздан өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың саналы білім алып, еліміздің болашағы жастарымыздың тәрбиесіне, біліміне өз септігімізді тигізу мақсатында жасалған дүние. Ендігі жерде оқушыларымыз алаңсыз білім алып, қоғамға, елімізге қызмет етсе, біз үшін бұл үлкен қуаныш.

Азиза СҮЙІНІШҚАЛИЕВА

Рухани жаңғыру

Басқа да мақалалар