20.03.2019, 15:21
Қараулар: 90
Көше фестивалі – көпке үлгі

Көше фестивалі – көпке үлгі

Күн мен түн теңеліп, адам баласымен бірге бүкіл әлем жанданып, күн жылынып, қар еріп, жан-жануарлардан бастап қыбырлаған жәндіктерге дейін ерекше бір күйге бөленетін наурыз мерекесі ауданымызда амал мерекесінен бастау алып, көшелер фестиваліне ұласты.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен,  аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан көшелер фестиваліне аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме, басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Аталмыш фестивальдің шымылдығын түрген «Болашақ» ықшам ауданы мен «Тоқсанов» көшесінің тұрғындары ақшаңқай киіз үйлерін құрып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархандарын жайнатып, келген қонақтарды құшақ жая күтіп алды.

Фестивальдің шарты бойынша алғашқы кезеңде екі көшенің өнерпаздары мерекелік ән айтып жарысса, ал екінші кезеңдегі үлкендердің арқан тартысуы өте қызықты өтті. Өз көшелерінің намысын қорғаған тұрғындар спорттық сайыста алдарына жан салмады. Арқан тартыста күш сынасқан жігіттер қауымы ләңгі тебуде де намысты қолдан бермеді. Ал балалар жағы асық атып, ойынның қызығына кірді.  Шараға жиналған ауылдастар екі көше тұрғындарының киіз үйлеріне кіріп, дастарханнан дәм татты. Бір-бірін мейрамдарымен құттықтап,  мерекелік әндерін шырқап, арқа-жарқа болып тарқасты.

Айару Бақытова