16.04.2019, 11:33
Қараулар: 54
Павлодарда болашақ журналистер арасындағы олимпиада басталды

Павлодарда болашақ журналистер арасындағы олимпиада басталды

Павлодарда 17 университеттен келген «Журналистика» мамандығының студенттері бас қосты. Болашақ журналистер республикада 11-рет өткізіліп отырған пәндік олимпиадасына қатысуда. Мұндай сайыс жан-жақтан жиналған студенттерге бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жыл сайынғы дәстүрлі байқаудың ережелері бұл жолы күрделене түскен. Сайыстың алғашқы күнін қатысушылар дайын сюжет таныстырулары мен журналист шеберлігін көрсететін эссе жазудан бастады. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қонақтарға арналған мәдени бағдарлама аясында қала қонақтарын Павлодар қаласына экскурсияға алып шықты. Экскурсия барысында Кутузов пен Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан Мемлекеттік Рәміздер паркіне барды. Онда егемендіктің символы Ту, Елтаңба және Әнұран бар. Саябақ Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынған. Кейін қонақтар Сұлтанмахмұт Торайғыров ескерткішін зиярат етті. Мүсін авторы Есхан Сергебаев ақынды аса шеберлікпен қиялшыл жас кейпінде көркем бейнелеген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешіттің аспанмен таласқан мұнараларының биіктігі Пайғамбар жасына орай 63 метрді құрайды. 3 қабатты ғимаратта асхана, мұражай, кітапхана, ислам дінін насихаттайтын бейнезал, неке қию бөлмесі бар. Мешітке кірген кезде бірден көзге түсетін үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3.5 тонна, биіктігі 16,5, ені 6 м. Дешті Қыпшақ сәулет стильінде 8 қабырғалы қылып салынған мешіттің іші қазақы оюлармен көмкерілген. Үлкен ғибадат үйінде бір мезетте 1500 адамның намазға жығылуға мүмкіндіктері бар. Соңғы нүкте Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында болды. 1992 жылы Ұлыстың ұлы күнінде ашылған музейге Бұқар жыраудың 325 жылдығына орай есімі берілген. Ерекше дизайнмен салынған қызыл ғимарат қала орталығында орналасқан. Мұражай халық ауыз әдебиеті, көне түрік жазба әдебиеті, Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, әдебиеттер достастығы және қазіргі заман әдебиеті залы сияқты 6 залдан тұрады. Сонымен қатар, қолданысқа жастар жылына байланысты өнер залы берілмекші. Сондай-ақ, мұражай ортасында Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына орай еңбектер жинағы топтастырылған. Музейде 46 мыңнан астам жәдігерлер бар. Олардың ішінде басым көпшілігі өлке жазушылары мен ақындарының мұралары. Тарих сырына толы мұражай өзінің үйлесімділігімен, тәрбиеге бай мағлұматтарымен есімізде қалды. Қатысушылар университет акт залында өткен «Қыз Жібек» клубының «Жатақхана өмірнамасы» атты қойылымын тамашалап тарқасты. Олимпиаданың екінші кезеңі тестілеуден басталып, қазіргі уақытта «Жедел ақпарат» бөлімімен жалғасын табуда.

Атыраулық Batyspear командасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.