5.04.2019, 16:00
Қараулар: 82
Жол мәселесі өзекті

Жол мәселесі өзекті

      Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің «Ашық есік күніне» орай тұрғындармен кездесу жиыны Пятимар ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиын басталмас бұрын аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жиын барысында күн тәртібіндегі 3 мәселе қаралып, сөз қозғалды. Алғашқы мәселе бойынша мінберге көтерілген аудандық соттың судьясы Мереке Шүкіров тұрғындарды Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі өзгерістермен таныстырды. Одан әрі учаскелік полиция инспекторы Әзілхан Маратұлы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылдың 6 қарашадағы №723 қаулысын іске асыру мақсатында Пятимар ауылдық округі учаскелік полиция инспекторының ауыл тұрғындары алдындағы есебі бойынша атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады. Учаскелік полиция инспекторының мәліметіне сүйенсек, округте 2 қылмыс тіркеліп, оның екеуі де ашылған. Ал ауылдық округ әкімі Олжас Рахимов ауылдық округ бойынша атқарылған істер мен міндеттер туралы айта келе, өткен  есепті кездесудегі берілген тапсырмалардың орындалу барысын, елді мекендерді абаттандыру, тазалық айлығы,  жаз маусымында ауыл малдарын бақтыруды тілге тиек етті.

-Ауылдық округ бойынша  2019 жылғы мал басы МІҚ-6228, ҰМҚ – 17938, жылқы – 2574, түйе – 22-ні құрады. Ауыл шаруашылық малдарына жүргізілетін диагностикалық зерттеулер мен егу шаралары жоспар бойынша атқарылуда. Қазіргі уақытта бруцеллез ауруына 1305  МІҚ-дан  қан алынып, олардың бесеуі оң нәтиже берді. Пастереллез  ауруына МІҚ – 250, ҰМҚ – 450-і егілді. Сонымен қоса,  сібір жарасына 800, қарасанға 950, туберкулезге 850 МІҚ тексеріліп, дерматитке 800 МІҚ-ға егу жұмыстары жүргізілді, — деген ауыл әкімі одан әрі  ауыл тазалығы мен көгалдандыру, қоқыстардан тазарту жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтып, тұрғындардан тұрмыстық қалдықтарды арнайы орынға апарып төгулерін сұрады.

Жиын барысында тұрғындардың бірі өріске су қажеттігін айтса, енді бірі жол мәселесін қаузады. Ауылдық округте атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірген ауыл тұрғындары «ауылға терапевт маман керек» деген тілектерін де жеткізді.

Аудан әкімі Н.Қарағойшин мен сала мамандары сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді назардан тыс қалдырмайтындықтарын айтты.

А.СҮЙІНІШҚАЛИЕВА