18.04.2019, 16:05
Қараулар: 92
Қылқалам шеберлерін анықтады

Қылқалам шеберлерін анықтады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына орай мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен жерлес қыл қалам шебері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айбар Сейтимовтың құрметіне «Өнерлі ұрпақ – жарқын болашақ» атты аудандық танымдық-шығармашылық жас суретшілер байқауы өтті.

Шараға аудан әкімі Н.Қарағойшин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов, қыл қалам шеберінің туған апасы Ляззат Сейтимова, жеңгесі Наурызғалиева Ақбөпе,  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Теміров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров, «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Н.Ғаббасов қатысты. Байқау алдында сөз алған аудан әкімі Н.Қарағойшин және суретшінің апасы Л.Сейтимова оның өмірінен сыр шертіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ауданымыздың он саусағынан өнер тамған жас буын суретшілер мен фото әуесқойларды аудан көлеміне танымал ету мақсатында ұйымдастырылған байқауға ауданымыздың 14 мектебі мен мектептен тыс жұмыс орталығынан 37 оқушы бақтарын сынады.

А.Сейтимов атындағы кабинетте өткен жас суретшілер көрме байқауы 2 кезеңнен тұрды. 1 кезең «Үй тапсырмасы» болса, екінші кезеңде қатысушылар «Отбасы» «Тәуелсіздік», «Астана», «Балалар әлемі», «Қазақтың тұрмыс-салты» тақырыптарында суреттерін бейнеледі.

Сурет байқауының нәтижесінде Пятимар орта мектебінің оқушысы Жанайдар Жасқайратов (жетекшісі Е.Адиетов) «Ұлттық натюрморт» тақырыбындағы суретімен жеңімпаз атанды. Ә.Жангелдин орта мектебінің оқушысы Еркежан Рысқалиеваға (жетекшісі А.Арыстанова) «Ұлы дала қазынасы» және М.Жүнісов орта мектебінің оқушысы Мәден Оразға (жетекшісі М.Жұмағалиев) «Қазақтың тұрмыс-салты» тақырыбындағы суреттеріне ІІ орын бұйырды. Ал С.Меңдешев орта мектебінің шәкірті  Ұ.Төлеуғалиева (жетекшісі Ө.Семғалиев) «Тәрбие көзі», М.Мирманов орта мектебінің оқушысы Н.Темешов (жетекшісі Қ.Бекенов) «Қыс келбеті» және Жаңақала орта мектебінің оқушысы Р.Сатыбалдин (жетекшісі А.Жолаев) «Натюрморт» тақырыбындағы суреттері  үшін ІІІ орынды иеленді.

Байқау соңында бағы мен бабы келіскен жеңімпаздарға арнайы алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айару ЖАНҰЗАҚҚЫЗЫ